Конференция лигасы: «Елімай» пенальтиден «Алашкертке» есе жіберді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 16 шілде күні UEFA Конференция лигасы бірінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Елімай» (Семей) Арменияның «Алашкерт» командасымен қарымта ойын өткізді.
Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде 1:1 есебіне қанағат білдірген еді. Матчтың 60-минутында Арсен Әшірбек «Елімайды» алға шығарса, 86-минутта Давид Тертерян есепті теңестірді.
Сондықтан екі команда үшін бүгін жеңіске жетудің маңызы ерекше болды. Жеңімпаз команда жарысты жалғастыруға мүмкіндік алатын еді.
Кездесу барысында армениялық клубтан Момо Туре 4-минутта есеп ашқан еді. Оған семейлік командадан Акмаль Бактияров 11-минутта бір голмен жауап берді.
Ойынның негізгі бөлігі 1:1 есебімен тең аяқталып, қосымша кезеңге ұласты. Қосымша кезеңде «Елімай» сапынан Хрвое Илич өз командасын алға шығарса, армениялық клубтан Дауда Тогола 121-минутта қайтадан таразы басын теңестірді.
Осылайша ойын пенальти сериясына ұласып, бұл жолы «Алашкерт» жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Арменияның төрт дүркін чемпионы (2015/16, 2016/17, 2017/18, 2020/21) атанған «Алашкерт» алғаш рет 1990 жылы құрылған еді. Сол жылдары команда Гегаркуник облысы Мартуни қаласының атынан сынға түсті. Арада он жылдай уақыт өткенде бұл ұжым түрлі себепке байланысты біріншілікке қатысудан шет қалды.
2011 жылдан бері «Алашкерт» қайта жаңғырып, көптеген жетістікке қол созды.
Сондай-ақ қостанайлық клуб Конференция лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Қарсыласы - Литваның «Паневежис» клубы.
Айта кетсек, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Черногорияның «Сутьеска» клубын (2:1, 2:0) қапы қалдырды. Енді олар екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің «Омония» клубымен шеберлік байқасады.