Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Конференция лигасы: «Тобыл» сырт алаңда «Паневежиспен» тең түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін қазақстандық «Тобыл» (Қостанай) футболдан UEFA Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде Литваның «Паневежис» клубымен алғашқы ойынын өткізді.

футбол
Фото: «Тобыл» футбол клубы

Кездесу барысында қазақстандық команданың белсенділігі байқалып тұрды. Соған қарамастан алғашқы голды литвалық клуб соғып кетті. Олардың қатарынан қорғаушы Сейдина Кейта 45-минутта мергендік танытты.

Ойынның екінші кезеңінде 60-минутта «Паневежис» қақпасына пенальти белгіленген еді. Оны орындау барысында қостанайлық клубтың капитаны Асхат Тағыберген мүлт кетті.

Ал 84-минутта «Тобыл» сапынан Неманя Цавнич баспен гол соғып, таразы басын теңестірді.

Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Қарымта кездесу 30 шілдеде Қостанай қаласында болады.

Қазақстандық клуб үшінші іріктеу кезеңіне шыққан жағдайда «Партизан» (Сербия) - «УНА Штрассен» (Люксембург) жұбының жеңімпазымен ойнайды. Бірінші кездесу 6 тамызда сырт алаңда өтсе, қарымта ойын 13 тамызға белгіленген.

«Паневежис» командасы 2015 жылы құрылған. 2019 жылдан бері өз елінде жоғары А лигасында ойын көрсетіп келеді. 2023 жылы алғаш рет ел чемпионы атағын жеңіп алды. Былтыр олар ел кубогында жеңімпаз тұғырынан көрінді.