14:31, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Конфуций институты ашылды
АЛМАТЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек / -Бүгін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Конфуций институты ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жаңа институт ҚазҰУ-де 2002 жылы құрылған Қытай тілі орталығы негізінде ашылып отыр. Орталықтың ашылуына ҚазҰУ мен Қытайдың Ланьчжоу университетінің көпжылғы өзара әріптестігі себеп болған. ҚазҰУ өкілдерінің айтуынша Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік және мәдени қарым-қатынастың нығаюынан ғылым және экономика салаларында еркін араласу қажеттігі туындады. Сондықтан Конфуций институты Қазақстан үшін Қытай тілінің мамандарын дайындайтын негізгі ғылыми-білім беру орталығына айналуды мақсат тұтуда. Институтта оқу үшін барлық жағдайлар жасалған. Мультимедиялық оқу құрылғылары бар 2 компьютерлік зал және лингофон кабинеті жұмыс істеуде. Қос жерсеріктік антенна қытай телеарналарының хабарларын тікелей көруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ қытай, орыс тілдерінде 5 мыңнан астам оқулық пен көмекші құралдар, бейне-дыбыстық материалдармен жабдықталған кітапхана бар. «Конфуций институтының ашылуы Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасының дамуына үлкен ықпал ететін қадамның бірі» - деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов. Оның айтуынша орталық 2006 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға ресми сапары кезінде Қытай басшысымен болған келісімге сәйкес ашылып отыр.Орталықта Қазақстандық мамандар мен қытайлық оқытушылар еңбек етуде. Институттың ашылуына ҚХР-ның Қазақстандағы консулы Сун Лин Цзянь мен елшілік, Ланьчжоу университетінің өкілдері қатысты.