Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Конгоға Эбола індетіне қарсы вакцинаның алғашқы партиясы жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасына Эбола безгегіне қарсы Ervebo вакцинасының 16,2 мың дозадан тұратын алғашқы партиясы жеткізілді. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Конго Демократиялық Республикасына Эболаға қарсы вакцинаның алғашқы партиясы жеткізілді
Фото: Pexels

Ведомствоның мәліметінше, вакцина Конго астанасы Киншасадағы халықаралық әуежайға жеткізілген.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Конго Демократиялық Республикасына Ervebo вакцинасының 70 мың дозасын жіберетінін хабарлаған. Бұл вакцина адамдарда Эбола безгегін тудыратын Заир вирусына қарсы тиімділігін көрсеткен. Алайда қазіргі індетке себеп болған Бундибуджио вирусына қарсы оның тиімділігі әзірге белгісіз. Қазір әлем ғалымдары Бундибуджио вирусына қарсы алғашқы вакцинаны әзірлеу жұмыстарын аяқтап жатыр.

Ervebo (rVSV-ZEBOV) вакцинасы Конго Демократиялық Республикасында Заир вирусынан туындайтын Эболаға қарсы 2018 жылдан бері қолданылып келеді. Оны канадалық ғалымдар әзірлеген, ал вакцина өндірісін Merck компаниясы жүзеге асырады.

Алдағы бірнеше аптада Ervebo вакцинасының 20 мың дозасы Конго Демократиялық Республикасында клиникалық сынақтар өткізуге жұмсалады. Қалған 50 мың доза Эбола індеті таралған аймақтағы ең осал әлеуметтік топтарды вакцинациялауға бағытталады. Мамандар вакцинаның ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтуге ықпал етеді деп үміттеніп отыр.

Конго Денсаулық сақтау министрлігінің қазіргі деректеріне сәйкес, елдегі Эбола індеті басталғалы 5 375 адам ауру жұқтырған, 2 557 адам қайтыс болған. Өлім-жітім көрсеткіші 47,6 пайызға жетті. Қазір ауруханалар мен медициналық оқшаулау орталықтарында Эбола диагнозы қойылған 737 адам емделіп жатыр.

15 мамырда Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада басталған індет Африкада осы ауру бойынша бақылау жүргізіле бастағалы бергі өлім-жітімі жөнінен екінші ірі індетке айналды. Қазіргі уақытта Эбола Конгоның алты провинциясында тіркелген. Індеттің негізгі ошағы Итури провинциясында орналасқан.

Уганда билігі 28 шілдеде елдегі Эбола індетінің аяқталғанын мәлімдеді. Ал ДДСҰ Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетіне халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай мәртебесін берді.

Айта кетейік, Конгода Эбола індетінен қаза тапқандар саны 2500-ден асты.