Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті өршіп барады
АСТАНА. KAZINFORM - Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінің өршуі жалғасып, елдің жаңа аудандарын қамтып жатыр, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтары.
Ерекше қауіпке әйелдер, медицина қызметкерлері және мәжбүрлі қоныс аударған адамдар ұшырап отыр. Бұл туралы жұма күні Женевада өткен брифингте Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық мекемелерінің өкілдері мәлімдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта Конго Демократиялық Республикасында аурудың 896 расталған жағдайы тіркелген, оның ішінде 232 адам қайтыс болған.
Вирустың таралуы
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Африка өңірі бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Мари-Розелин Белизер Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Буния қаласынан бейнебайланыс арқылы сөйлеп, мамандар елдің әртүрлі аудандарында жаңа ауру жағдайларын анықтауды жалғастырып жатқанын айтты.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зардап шеккен өңірлерге 115-тен астам маман жіберіп, 110 тоннадан астам медициналық жүк жеткізген. Диагностика және емдеу мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр, алайда күрделі мәселе сақталып отыр. Кейбір аудандарда қауіпсіздік жағдайына байланысты гуманитарлық қызметкерлердің жұмысы шектелген, ал науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау жұмыстары әлі де жеткілікті деңгейде жүргізілмей отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, вирус жұқтырғандардың арасында 75 медицина қызметкері тіркелген, олардың 17-сі қайтыс болған.
Қосымша қиындық туғызып отырған жайттың бірі — науқастардың шамамен 90 пайызында Эболаға тән қанталау белгілерінің болмауы. Көптеген адам өз бетінше емделуге немесе халық емшілеріне жүгінеді, бұл инфекцияның кеш анықталуына әкеліп соғады.
Сарапшылар Эболадан қайтыс болған адамның денесі өте жұқпалы болып қала беретінін еске салып, қауіпсіз жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру індетпен күрестің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Эболадан бөлек, елде безгек секілді басқа да аурулар үлкен қауіп төндіріп отыр. Мамандардың айтуынша, індетке қарсы күрестің табысты болуы жергілікті халықтың медицина қызметіне деген сеніміне тікелей байланысты.
Әйелдер мен қыздарға төнген қауіп
Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қоныстануы қорының Конго Демократиялық Республикасындағы өкілінің орынбасары Ноэми Дальмонте Эбола індеті әйелдер үшін ерекше қауіп төндіретінін айтты. Өйткені көбіне әйелдер науқас туыстарына күтім жасап, науқастармен тікелей байланыста болатын медицина қызметкерлерінің елеулі бөлігін құрайды.
Ұйымның мәліметіне сәйкес, өткен жылдары вирус жұқтырған жүкті әйелдер арасындағы өлім-жітім деңгейі 90 пайызға жеткен, ал жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім көрсеткіші 100 пайызға дейін барған.
— Әйелдер босанғанға дейінгі тексерулерді кейінге қалдырады, медициналық мекемелерден қашқақтайды немесе асқынуларға қарамастан үйде босануды жөн көреді. Олар Эболаның өзінен емес, қажетті медициналық көмектің қолжетімсіз болуынан немесе оған сенімсіздік танытуынан көз жұмуы мүмкін, — деді Ноэми Дальмонте.
Қазіргі уақытта ұйым перзентхана бөлімшелерінің жұмысын қолдап, медицина қызметкерлерін инфекциялық бақылау шараларына үйретіп, медициналық мекемелерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп отыр. Елдің шығыс бөлігінде қордың қолдауымен 153 акушер жұмыс істейді және қосымша мамандар жіберу жоспарланған.
Қор халықаралық донорларды репродуктивтік денсаулық сақтау қызметтері мен гендерлік зорлық-зомбылықтан қорғау шараларын жалғастыру үшін 17,1 миллион АҚШ долларын бөлуге шақырды.
Халықтың қоныс аударуы вирустың таралу қаупін арттырады
Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілі Аллен Майна қауіп аймақтарында екі миллионнан астам мәжбүрлі қоныс аударған адам, оның ішінде 320 мыңнан астам босқын тұратынын хабарлады.
Оның айтуынша, жалғасып жатқан қарулы қақтығыс халықтың жаппай қоныс аударуына ықпал етіп, вирустың одан әрі таралу қаупін күшейтіп отыр.
Медицина қызметтеріне деген сенімсіздік те елеулі кедергі болып қала береді. Итури провинциясындағы Кпангба мәжбүрлі қоныс аударушылар лагерінде Эболадан екі адам қайтыс болғаннан кейін лагерь тұрғындары медициналық бригадалардың зардап шеккен ауданға кіруін уақытша бұғаттаған.
— Сенімсіздік аса маңызды іс-шаралардың жүзеге асуына тікелей кедергі келтіруі мүмкін, — деді Аллен Майна.
Ол аурудың таралу қаупі Конго Демократиялық Республикасының шекарасынан әлдеқайда асып түсетінін атап өтті. Өйткені өңір Уганда, Руанда, Бурунди, Танзания және Оңтүстік Суданмен сауда жолдары, отбасылық байланыстар және босқындар ағыны арқылы тығыз байланысты.
Халықаралық көші-қон ұйымы Конго Демократиялық Республикасында және көршілес Угандада өз жұмысын кеңейтетінін мәлімдеді. Ұйым өкілі Зои Бреннанның айтуынша, көші-қон ұйымы өңір елдеріндегі шекара бекеттері мен халықтың негізгі қозғалыс бағыттарында бір миллионнан астам адамның денсаулық жағдайын тексерген.
Айта кетелік Конгодан Эболадан 200 адамның көз жұмғаны анықталғаны туралы жазған едік.