Конго Демократиялық Республикасында Эбола жұқтырғандар саны 1 500-ден асты – ДДҰ
АСТАНА. KAZINFORM – КДР-да Эбола вирусын жұқтырудың 1 502 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 473 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Синьхуа.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) індеттің әлі де күрделі деңгейде қалып отырғанын мәлімдеді.
Конгоның денсаулық сақтау органдары жұма күні жариялаған соңғы мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта 628 науқас оқшауланған немесе стационарда ем қабылдап жатыр. Ал 229 адам сауығып шыққан.
Сондай-ақ Эболаға күдікті тағы 213 жағдай тіркелген. Оның ішінде 63 адам көз жұмған.
ДДҰ-ның Африка бойынша өңірлік директоры Мохамед Якуб Джанаби онлайн брифинг барысында жағдайдың әлі де күрделі екенін айтты.
Оның сөзінше, вирус елдің шығысындағы Итури және Солтүстік Киву провинцияларында таралуын жалғастырып жатыр.
ДДҰ өкілінің айтуынша, бұл – Бундибугио штамынан туындаған Эбола індетінің тарихтағы ең ірі өршуі болып отыр.
Айта кетейік, жуырда Францияда Эбола вирусын жұқтырған алғашқы науқас толық жазылып шыққаны хабарланды.