Конго ДР-да Эбола індетінен қаза тапқандар саны 2500-ден асты
АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусы індетінен қаза тапқандар саны 2500-ден асты. Олардың жартысына жуығы соңғы 20 күн ішінде көз жұмған, деп хабарлайды Euronews.
БҰҰ мәліметінше, бұл – ел тарихындағы ең ірі әрі ең жылдам таралып жатқан Эбола індеті. Мамандар вирус жұқтырғандар саны геометриялық прогрессиямен өсіп келе жатқанын ескертеді.
Індет елдің солтүстік-шығыс өңірлерін қамтыған. Олардың жалпы аумағы Францияның аумағынан да үлкен. Бұл аймақтарда тиісті инфрақұрылым мен тұрақты билік жүйесі жоқ. Мұнда ондаған жыл бойы қарулы топтар әрекет етіп келеді. Олар кей жағдайда дәрігерлердің жұмысына кедергі келтіріп, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған.
Эбола вирусын 160 медицина қызметкері жұқтырған, олардың 43-і қайтыс болды.
Індет туралы ресми түрде мамыр айының ортасында жарияланған. Алайда мамандар вирус оған дейін бірнеше апта бойы таралып келген деп есептейді.
Қазіргі індет Эбола вирусының әзірге тиімділігі дәлелденген вакцинасы жоқ түрінен туындаған.
Соған қарамастан БҰҰ мамандары індетті бірнеше ай ішінде ауыздықтауға болады деп есептейді. Ол үшін күрес шараларын қаржыландыруды айтарлықтай арттыру қажет. Әйтпесе вирус көршілес елдерге таралуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Эбола дертінен Конго Демократиялық Республикасында әр жарты сағат сайын бір адам көз жұмып жатқанын жаздық.