Конго ДР-да Эбола жұқтырғандар саны тағы да артты
АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегін жұқтырған зертханалық расталған жағдайлар саны 5515-ке жетті. Соңғы тәулікте тағы 51 адамнан вирус анықталды, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Індеттен 2642 адам қайтыс болған. Өлім-жітім деңгейі 47,9%-ды құрайды.
Қазір ауруханалар мен медициналық оқшаулау орындарында Эбола жұқтырды деген күдікпен 700-ден астам адам жатыр. Науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау және бақылау деңгейі 85,5%-ды құрады.
15 мамырда Конго ДР мен Угандада басталған індет Африкадағы Эбола тарихындағы адам өлімі бойынша екінші ең ірі эпидемияға айналды.
Қазір вирус Конго ДР-дың алты провинциясында тіркелген. Індеттің эпицентрі Итури провинциясында орналасқан. Ал Уганда билігі 28 шілдеде елдегі Эбола індетінің аяқталғанын жариялады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго ДР-дағы Эбола індетіне халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай мәртебесін берді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Конго ДР-да Эбола індетінен қаза тапқандар саны 2500-ден асқанын жаздық.
Сондай-ақ аталған елге Эболаға қарсы вакцинаның алғашқы партиясының жеткізілгені хабарланды.