Конго ДР-дағы Эбола ел тарихындағы ең ірі індетке айналды – ДДҰ
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) қазіргі Эбола індеті Конго Демократиялық Республикасы тарихындағы ең ірі індетке айналғанын мәлімдеді. Елде ауру жұқтырудың 3,6 мыңнан астам жағдайы расталды, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы ДДҰ-ның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде айтылған.
– Қазіргі уақытта бұл Конго Демократиялық Республикасында бұрын-соңды тіркелген Эбола індетінің ең ірі ошағы болып отыр. 2026 жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша 3 605 расталған жағдай тіркелді. Оның ішінде 1 587 адам қайтыс болды, бұл өлім-жітім деңгейінің 44 пайыз екенін көрсетеді, – делінген хабарламада.
Құжатқа сәйкес, соңғы толық есепті эпидемиологиялық аптада ауру жұқтырудың ең жоғары апталық көрсеткіші – 567 жағдай және қайтыс болғандардың ең жоғары саны – 296 адам тіркелген. ДДҰ мұны инфекцияның ерекше жылдам таралып жатқанын көрсететін белгі деп бағалап, індеттің күшейіп келе жатқанын атап өтті.
Эбола індетінің 17-ошағы биыл 15 мамырда Конго Демократиялық Республикасының шығысында және Угандада басталды. Ауру Конгоның үш провинциясын қамтыды.
Еске салсақ, бұған дейін Францияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелген болатын. Сондай-ақ Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінен көз жұмғандар саны 1 521 адамға жеткені хабарланған еді.
Бұған дейін ДДҰ Эбола індетімен күресу үшін 518 млн долларлық бағдарламаны іске қосқанын жазғанбыз.