Конго ДР-дағы Эбола індеті: жұқтырғандар саны 1 мыңнан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырудың расталған жағдайларының саны 1 000 адамнан асты. Бір айдан астам уақытқа созылған індет елдің шығысындағы қоныс аударғандарға арналған үшінші лагерьге де тарады, деп хабарлайды Reuters.

эбола
Фото: news.un.org

Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, кемінде 254 адам көз жұмған. 

Ресми деректерге сәйкес, Хунгбе лагерінде 18 айлық бала қайтыс болды. Оның бір апта бойы дене қызуы жоғары болған.

Баланы алдымен екі медициналық орталыққа жеткізіп, антибиотиктер тағайындаған. Алайда Эболаға арналған тест кейінірек жүргізіліп, оның оң нәтижесі бала қайтыс болғаннан кейін ғана белгілі болды.

Билік өкілдерінің хабарлауынша, баламен кемінде 107 адам байланыста болған. Олардың қатарында туыстары, медицина қызметкерлері және қоныс аударғандарға арналған басқа лагерьлердің тұрғындары бар.

Низи өңірінің денсаулық сақтау жүйесінің өкілі, доктор Эммануэль Мусингузи Булему жұқтырған науқастарды оқшаулауға арналған инфрақұрылымның қатты жетіспейтінін мәлімдеді.

– Біз бұл науқастарды халықтан оқшаулауымыз керек, өйткені олар басқа адамдарға жұқтыру қаупін төндіреді. Бірақ оларды қайда орналастырамыз? – деді ол.

Жергілікті биліктің мәліметінше, Буния қаласындағы қоныс аударғандарға арналған тағы бір лагерьде кемінде 30 адам қайтыс болған.

Бұған дейін Конго Демократиялық Республикасының үш провинциясында зертханалық жолмен расталған Эбола безгегін жұқтырған науқастар саны 896-ға жеткені, оның 232-сінің көз жұмғаны хабарланған.

Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетіне байланысты жағдайды дағдарыстық деп бағалап, жұқтырғандар санының артуын, қаржыландырудың жеткіліксіздігін және шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен еді.