Конго-қырым қанды безгегі несімен қауіпті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы -Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин Конго-қырым қанды безгегінің (КҚҚБ) табиғи ошақтарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстандағы КҚҚБ -ның табиғи ошақтары - Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумақтары. Жыл сайын КҚҚБ бойынша қолайсыз өңірлерде 9-дан 25-ке дейінгі жағдай тіркеледі. Оның арты өлім-жітім жағдайын әкелетінін айта кету керек. Өткен жылыреспублика халқы арасында КҚҚБ ауруының 18 жағдайы тіркелген еді. Оның ішінде 5 жағдай Түркістан облысында, 9-ы Жамбыл облысында және 4-уі Қызылорда облысында», - дейді ол.
Бекшиннің айтуынша, 18 жағдайдың 4-уі өліммен аяқталған.
«Осы жылы Жамбыл облысында ата-анасымен Қырғыз Республикасынан келген Өзбекстан азаматшасының 10 жасар баласында Конго-қырым қанды безгегінің бір жағдайы (Өзбекстаннан) тіркелді. Табиғи ошақтардың тұрақты болуының себебі - осы аумақта ҚҚГБ вирусын тасымалдаушы кенелердің мекендеуі. Кене шаққанда инфекция бір жылы қанды жануардан екіншісіне, соның ішінде адамға қан арқылы беріледі. Инфекцияның негізгі көзі - кене», - дейді Бас санитар.
Жандарбек Бекшин бұдан басқа бұл өңірлерде ауыл шаруашылығы жануарлары мен үй құстары да адамға КҚҚБ -ны жұқтыратынын атап өтті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жануарларын бағу, сауу кезінде, әсіресе оларды қырқу, сою кезінде жұғады.
«Бұл жағдайдың ушығуына кенелердің көбеюіне алып келетін елді мекендердегі антисанитариялық жағдай ықпал етеді (қорадағы қи, тұрмыстық қоқыс және стихиялық қоқыс тастайтын жерлер, елді мекендердің айналасындағы жануарлардың өлекселері). Біздің республикадағы соңғы эпидемиологиялық зерттеу иттер мен үй құстарының да ҚҚГБ вирусының тасымалдаушысы болатынын көрсетті. КҚҚБ таралуының алдын алу үшін кенеге қарсы өңдеуді уақтылы жүргізу қажет. Дезинсекциялық препараттармен тиімді өңдеу үшін аумақты алдын ала міндетті түрде тазалау қажет», - дейді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті халықтың ҚҚГБ-мен сырқаттануының алдын алу бойынша мынадай іс-шаралар өткізеді:
- эпидемиологиялық маусым кезеңінде эпидемиологиялық жағдайға апта сайын мониторинг;
- КҚҚБ бойынша қолайсыз барлық елді мекендердің айналасында санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін аумақты кенеге қарсы өңдеу;
- КҚҚБ -дан сақтануды арттыру мақсатында медицина қызметкерлерімен семинарлар;
- КҚҚБ бойынша халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстары, оның барысында аурудың алғашқы белгілері, сондай-ақ кене шаққан жағдайда міндетті түрде және уақытында медициналық ұйымдарға жүгіну қажеттігі түсіндіріледі;
- КҚҚБ табиғи ошағында тұрған медициналық мекемелерде КҚҚБ -мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар мен иммунизацияланған плазма қоры бар.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарымен бір мезгілде ветеринариялық қызмет мамандары буферлік аймақтарға (бұталар, суаттар және тұрақты немесе уақытша елді мекендердің төңірегіндегі ауыл шаруашылығы жануарларының басқа да тұратын орындары), мал мен мал қораларына кенеге қарсы өңдеу жүргізеді.
«КҚҚБ -дан қорғану мақсатында халыққа мынадай кеңес береміз: жануарларды қырқу кезінде қолғапты пайдалану, қолғапты шешкеннен кейін қолды сабынмен жуу қажет. Кенені қолмен жаншуға жол бермеу. КҚҚБ бойынша эндемиялық өңірлерде табиғатқа немесе жайылымға шыққан кезде кенелердің шағуын болдырмау үшін ұзын жеңді ашық түсті тығыз матадан жасалған киім кию қажет. Шалбар шұлыққа және жабық аяқкиімге салынуы тиіс. Өздеріңізді және киімдеріңізді кенені табу үшін қайта-қайта мұқият қарау керек. Дененің ашық бөліктері мен киімді реппелленттермен өңдеу керек. Кене шаққанда, кенеттен температураның көтерілуі, жиі (70%) қалтырау, қарқынды бас ауыруы, барлық дененің сырқырауы, кейде жүрек айну мен құсу, мұрыннан, қызыл иектен қан кету, бет терісінің, мойынның және дененің жоғарғы бөлігінің гиперемиясы сияқты аурудың алғашқы симптомдары байқалғанда тез арада дәрігерге қаралу керек», - дейді Жандарбек Бекшин.