Конгода Эбола індеті тарады: 65 адам көз жұмып, көрші елдерге қауіп төнді

АСТАНА. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінің жаңа ошағы тіркелді, деп хабарлайды ВВС.

Конгода Эбола індеті тарады: 65 адам көз жұмып, көрші елдерге қауіп төнді
Фото: unsplash

Африкадағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (Africa Centres for Disease Control and Prevention) мәліметінше, сырқаттан қайтыс болғандар саны 65 адамға жетіп, ықтимал жұқтыру жағдайлары шамамен 250-ге жуықтаған.

Ең күрделі жағдай Итури провинциясы аймағында тіркелген. Онда індет ошағы алтын өндіру орындары орналасқан Монгвалу және Рвампара аудандарында анықталған. Жалпы алғанда, шамамен 246 ауру жағдайы тіркелген.

Africa CDC Конго Демократиялық Республикасының билігімен, сондай-ақ Уганда, Оңтүстік Судан және халықаралық серіктестермен жедел консультациялар жүргізіп жатыр. Негізгі назар індетке қарсы әрекеттерге, санитарлық бақылауды күшейтуге және вирустың шекара арқылы таралуын болдырмауға аударылған.

Киншасадағы Ұлттық биомедициналық зерттеулер институтының алдын ала зерттеулері тексерілген 20 үлгінің 13-інде эбола вирусының бар екенін растаған. Қазіргі уақытта нақты штамм анықталып жатыр.

Қосымша күдікті жағдайлар Итури провинциясының әкімшілік орталығы Буния қаласында да тіркелген, бірақ олар әлі зертханада расталмаған.

Мамандар індеттің одан әрі таралу қаупі жоғары екенін ескертті. Бұған тығыз қоныстанған қалалар, кен өндіру аймақтары және адамдардың шекарааралық белсенді қозғалысы әсер етіп отыр.

Эбола вирусы алғаш рет 1976 жылы қазіргі Конго аумағында анықталған. Инфекцияның бастапқы көзі жарқанаттар болуы мүмкін деп есептеледі. Аурудың қазіргі өршуі — ел тарихындағы 17-ші жағдай.

Вирус науқастың биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы немесе зақымданған тері арқылы жұғады. Ауру ауыр қан кетулерге, ішкі ағзалардың зақымдануына және жоғары өлім деңгейіне әкелуі мүмкін.

Алғашқы белгілеріне қызба, бұлшықет ауыруы, әлсіздік, бас ауруы және тамақтың ауыруы жатады. Кейін құсу, іш өту, бөртпе және қан кету байқалуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Эбола кезінде орташа өлім-жітім шамамен 50% болады. Қазіргі таңда ауруды толық емдейтін нақты дәлелденген ем жоқ.

Ең ірі Эбола вирусының өршуі 2018–2020 жылдары Конгода тіркеліп, сырқат шамамен 2300 адамның өмірін қиған.

Айта кетейік, Ұлыбританияда ғалымдар хантавирусқа қарсы вакцинаны жасау жұмыстарын жеделдетті. Бұл шешім круиздік MV Hondius кемесінде тіркелген инфекция өршуіне байланысты қабылданды.