Конгода Эбола вирусын жұқтырғандар саны 7 мыңнан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырғандардың расталған саны 7 мыңнан асты. Ауру жаңа провинцияға да тарады, деп хабарлайды Reuters.
Қазір вирус елдің жеті провинциясына таралған. Солтүстік-батыстағы Оңтүстік Убанги провинциясында ауруды жұқтырған тағы бір адам анықталды. Бұл аймақ індет ошағынан едәуір қашықта орналасқан.
Конго Демократиялық Республикасы үкіметінің мәліметінше, Эбола вирусын жұқтырғандардың расталған саны 7 022 адамға, ал қайтыс болғандар саны 3 398 адамға жетті.
Биліктің хабарлауынша, ауруға шалдыққан адам — 23 жастағы ер адам. Ол сейсенбі күні қайтыс болған. Зертханалық талдау оның Эболаның Бундибугио түрін жұқтырғанын растады.
Биліктің мәліметінше, ер адам 10 шілдеде елдің шығысындағы Оңтүстік Киву провинциясынан кеткен. Біраз уақыт шетелде болғаннан кейін Конго Демократиялық Республикасына оралып, Оңтүстік Убангиге барған. Бұл провинция Конго Республикасы және Орталық Африка Республикасымен шектеседі.
Конго Демократиялық Республикасының Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау институтының соңғы есебіне сәйкес, медицина қызметтері Оңтүстік Убангидегі алғашқы расталған науқаспен байланыста болған адамдарды анықтап, бақылауға ала бастады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індеттің жаңа аумақтарға таралуы эпидемияға қарсы шараларды жүргізуді қиындатып отырғанын атап өтті. Негізгі мәселелердің қатарында білікті мамандардың, жергілікті жерлердегі серіктес ұйымдардың және қаржыландырудың тапшылығы бар.
Бундибугио түріндегі Эбола вирусынан туындаған қазіргі індет Конго Демократиялық Республикасы тарихындағы ең ірі әрі ең көп адам өліміне әкелген індетке айналды. Ол 2018–2020 жылдардағы эпидемияның ауқымынан асып түсті.
Ауру жұқтырғандар саны бойынша қазіргі індет 2014–2016 жылдардағы Батыс Африкадағы эпидемиядан кейін екінші орында тұр. Сол кезде Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде 28,6 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, олардың 11 мыңнан астамы қайтыс болған.
Бұған дейін Конго Демократиялық Республикасы Эбола індетінің таралуын болжау үшін мобильді байланыс деректерін пайдалана бастағаны хабарланған болатын.