Конгода Эбола жұқтырғандар саны 452 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегімен ауырғандардың саны 452 адамға жетті. Оның ішінде 82 адам көз жұмған, деп хабарлайды Синьхуа.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған соңғы есепке сәйкес, 4 маусым күні Итури және Солтүстік Киву провинцияларында аурудың 71 жаңа жағдайы тіркелген. Оның 21-і өліммен аяқталған.
Мамандар бұл жағдай Бундибугио штамынан туындаған індеттің жергілікті жерде жылдам таралып жатқанын көрсететінін атап өтті.
Қазіргі уақытта 258 науқас оқшауланған немесе стационарлық ем қабылдап жатыр. Сегіз адам дерттен айыққан.
Есепте індетпен күрестегі негізгі қиындықтардың бірі науқастармен байланыста болған адамдарды бақылау екені айтылған. Бақылауға алынған 4766 адамның тек 2755-і ғана тексерілген. Бұл жалпы көрсеткіштің 57,8 пайызын құрайды.
Конго билігі індетке қарсы күрес барысында бірқатар проблеманың барын мәлімдеді. Атап айтқанда, қайтыс болған адамдардан сынама алуға қарсылық көрсету, Эболаны емдеуге арналған стандартталған мүмкіндіктердің жеткіліксіздігі, байланыста болғандарды тиімді қадағаламау, негізгі дәрі-дәрмектің тапшылығы, Солтүстік Кивуда инфекциялардың алдын алу құралдарының жетіспеуі, хабарлау жүйесінің әлсіздігі және 21,5 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаржы тапшылығы аталды.
Айта кетейік, ДДҰ Эбола індетімен күресу үшін 518 млн долларлық бағдарламаны іске қосты.