Конгода студенттер мінген қайық апатқа ұшырап, кемінде 20 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Конгоның орталық бөлігінде мемлекеттік емтиханнан қайтып келе жатқан студенттер мінген ағаш қайық суға батып, кемінде 20 адам қаза тапты, деп хабарлайды Associated Press.
Куәгерлердің айтуынша, қайық Касаи провинциясы арқылы жүзіп келе жатып, Санкуру мен Касаи өзендерінің қосылатын тұсында апатқа ұшыраған.
Орталық Африкадағы бұл елде судағы қайғылы оқиғалар жиі тіркеледі. Бұған көбіне түнгі уақытта өзеннен өту, қайықтардың шамадан тыс жүктелуі, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы және шалғай өңірлердегі көлік инфрақұрылымының нашар дамуы себеп болады. Соңғы жылдары мұндай өзен апаттарынан жүздеген адам көз жұмған.
– 80 адам құтқарылды, 20 адамның мәйіті табылды, – деді Касаи провинциясындағы Илебо аумағының әкімшісі Франсуа.
Алайда қайғылы оқиғаның куәгері Чикуди Жан Associated Press агенттігіне қайықта 200-ден астам адам болғанын айтты.
– Конго Демократиялық Республикасындағы қайық иелері тек табыс табуды ойлайды, ал адам өміріне немқұрайлы қарайды, – деді Илебо азаматтық қоғам ұйымының төрағасы Франсуа Малепо.
Айта кетейік, бұған дейін Малайзия жағалауында 37 заңсыз мигранты бар қайық суға батып кеткенін жаздық.