Көңіл құсы әсем ән - Композитор Әблахат Еспаев жайлы толғаныс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен қара жерге кірер денең,- деп Абай атамыз жырлағандай, ес білгелі халық әндерінен нәр алып, дала серілері Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз серінің әндерін тыңдап өскен болашақ өнер иесі адам бойын баурап алар сиқырлы әуен жетегіне еріп, ой-өрісін кеңейтеді.

         Көңіл құсы әсем ән - Композитор Әблахат Еспаев жайлы толғаныс

Жомарт Қостанай даласының тыныс-тіршілігіне бір сәт құлақ түріп, еркелей ескен самал желдің, сыбдырлаған жапырақтың, сылдырай аққан бұлақ үні мен алуан түрлі әуенге салған құстар әнін тыңдау саналы адамға ой салса керек.

Ал жанынан ән шығарып, тыңдаушысын тамсандырған ерекше дарын иелерінің шабытты шақтары бір ғанибет қой.

Бүгінгі әңгіме еткелі отырған өнер иесі халқымыздың ән өнеріне айшықты із қалдырған, шығармалары бабалар үнімен жалғасып жатқан композиторымыз - Әблахат Еспаев.

Әрине, ән шығару, тыңнан жаңа дүниені өмірге әкелу оңай емес. Бұл ақын мен композитордың тақырыптың беймәлім сырына бойлай білген жанкешті еңбегінің жемісі.

Өмірге ғашық бала жүрек дала төсінен өнер сауып, аяулы анасы Зылиханың домбырамен қосыла салған әсем әндерінен нәр алған.

Әблахаттың әкесі Смағұл атақты Ыбырай Алтынсаринмен аталас, ағайынды адам екен. Содан болар ол кісі де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген ауыл адамы болатын. Анасы жастай қайтыс болған соң ашаршылық жылдары саяси өзгерістен сескенген Смағұл алты жасар Әблахатты ертіп, Жамбыл облысы Меркеге, кейін Шу ауданының «Алға» аулына қоныс аударады. Сөйтіп қасиетті Әулиеата жері Смағұл қарияның әулетінің тамыр жайған құтты мекеніне айналады.

Әблахат мектеп бітірер жылы ұстазының өлеңіне «Туған ел» әнін шығарғанда ауыл адамдары бірден үйреніп алып, әуелете шырқаған деседі.

Көкірегінде тұнып тұрған өнер халықтың киелі үніне ұласқан Әблахат бұғанасы қатпаса да 1943 жылы ерлермен бірге Ұлы Отан соғысына аттанады. Кейін сол жылдарды толғана еске алып, «Днепр туралы жыр» әнін шығарады. Бұл әннің өлеңін өз кезінде ақын Сырбай Мәуленов жазған-ды.

Соғыс кезінде Ресейдің Могилев қаласындағы жоғары әскери училищені бітірген ол үш жылдай Кавказда аймақтық әскери академияда ұстаздық етеді.

Әблахат әскерден оралған соң ауылға келіп, ұстаздық еңбегін жалғастырады. Көп ұзамай Назым есімді қызбен бас қосып, отау құрады. Жан дүниесіне маза бермеген жастықтың оты лаулаған әсем әндер біртіндеп өмірге келеді. Білімсіз өнер ұштаудың қиын екенін түсінген Әблахат 1951-53 жылдары Алматы консерваториясына Василий Великановтың класына оқуға түседі. Алматыда пәтер жалдап тұратын болашақ композитор балалы-шағалы болған соң оқуын әрі қарай жалғастыра алмай, Қазақ радиосының музыка редакциясына қызметке орналасады. Халық ақыны Мұзафар Әлімбаевтың естелігінен:

- Қазақ радиосының музыка редакциясының бастығы Мақсұтбек Майшекиннің кабинетінде Әблахат Еспаевпен жақынырақ таныстым. Майдангер офицер екен. Жасы менен бір жас кіші, үйлі-баранды, кішкентайлары бар екен. Мен әлі сүрбойдақпын. Мен оған:

- Атың қызық екен, Әблахат... Әбілхаят.

- Сенің атың да қазақтың төл аты емес қой,- деді Әблахат.

- Сенің атың тым айғайлап тұр екен, өміршең құдай, ғұмырлы құдірет- дедім.

- Пай, пай, әсем ән шығаратындар, менсіз де аспанға самғайды, менсіз де...- деді ол.

- Құдай қосса өнерімен аспанға самғайтынның өзі, осы Әблахат!- деді Мақсұтбек.

1954 жылға дейін жастықтың сейіл-серуенінде жиі кездесіп, дуылдасып жүргенмен «менің өлеңіме ән жазшы» деп мен де қиылғаным жоқ.

Менің Әділхан Қайыржанов деген аяулы досым болды. Соған әзілдеп шығарған өлеңім еді. Мен бұл өлеңімді досымның альбомына жазып бергем. Ол «Өзің де жігіт қызықсың» деген өлең. Бір күні түскі ас ішуге Әблахат, Сыдық үшеуміз думанханаға бара қалдық. Әңгіме барысында Әділхан жайлы айтылғанда есіме түсіп, Сыдық пен Әблахат ән жазбақшы болды. Жырым келте болған соң ортасын бір ауыз қосып алды. Екі ән осы күнге дейін айтылады. Бірі жиі, бірі сирек. Осыдан кейін Әблахат екеуміздің өнер ынтымақтығымыз басталды.

Әблахат әндеріне мен онша көп жазған жоқпын. «Жаңарған дала», «Біздің ауыл қыздары», «Біз кешегі солдаттар» және тағы басқа әндер.

Көп болып шөп болғанша, аз болып, саз болғаны жақсы ғой,-деп еді ақын ағамыз.

Әблахат вокалдық музыка жанрында ән-романс, баллада, хорға арналған шығармаларды көп жазды. Оның «Маржан қыз», «Әлі есімде», «Сағыныш екен бала кез», «Жайық қызы» (З.Қабдолов), «Ақ сәуле" (сөзі Қ.Аманжоловтікі), «Қазақ частушкасы" (М.Әлімбаев), «Шофер келді қырманға" (Т.Ысмайылов), «Қыз қуу" (Қ.Шаңғытбаев), «Бейбітшілік сақталады" (Н.Шәкенов), «Республика туралы жыр" (І.Мәмбетов), «Торғай толғауы", «Жанкелдин отрядының әні" (Ғ.Қайырбеков), «Солдат сәлемі" (Н.Шәкенов), «Тобыл толқыны" (С.Тұрғынбеков), «Сағыныш екен бала кез" (О.Әубәкіров), «Өзің де жігіт, қызықсың" (М.Әлімбаев), «Қыз әзілі" (Қ.Шаңғытбаев), «Жігіт жауабы" (Ә.Жәмішев), «Ұстазым" (Н.Шәкенов), «Қайдасыңдар, достарым" (Ә.Дүйсенбиев) әндерінің қай-қайсы мыңдаған тыңдаушының жүрегінде жатталған сәтті туындылар.

Әннің бағын ашу әншіге байланысты десек, әнші Зейнеп Қойшыбаева Әблахат әндерін шебер орындай білді. Зейнеп апай композитор жайлы айтқан естелігінде:

« Мен Әблахат ағаны ән салып, сахнаға шыға бастағаннан білемін. Ағайдың әндерінің жеңіл орындалуы, айтар ойы, жетер биігі маған түсінікті де және менің ән өлкесіндегі өрісіме жақын. Сондықтан да мен Әблахат әндерін әруақыт сүйіп орындаймын. Композитордың айтар ойын тыңдаушыға толық жеткізуге тырысамын. Құстың екі қанаты секілді әнші мен композитор әрдайым ынтымақтас, одақтас болуы керек. Сонда ғана композитор халық көңілінен шығатын әндер жазады. Ондай әнді әншілер құмарлана айтып, композитор өрнектеген әнді айнытпай түсіруге тырысады» деп еді.

Кезінде халық композиторы Нұрғиса Тілендиев: «Әблахат әннен тау тұрғызды. Ол ұлы композитор» деп дарындылығын мойындаған болатын.

Әблахат Еспаевтың «Одағым бақыт ордасы» әні өз кезінде Мәскеуде өткен ән байқауында жеңімпаз атанса, «Маржан қыз» әні Жапон елінде арнайы күйтабақта жарық көрді.

Композитор драмалық шығармаға музыка жазды. Бейімбет Майлиннің «Шұға», Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуі», Садықбек Адамбековтың «Күн мен көлеңке», Әбділда Тәжібаевтың «Той», Иса Байзақовтың «Ақбөпе» поэмасы бойынша қойылған спектакльге әуен жазып, көпшілік көңілінен шықты.

Әблахат Еспаевтың «Әндер», «Ақ сәуле», «Таң жұлдызы» атты ән жинақтары әр жылдары баспадан жарық көрді.

Өнер иесінің Абай өлеңдеріне жазған «Өзгеге көңілім тоярсың», «Мен сәлем жазамын», «Ішім өлген сыртым сау», «Барарсың қайда, қайда сен», ән-романстары Абай әндерімен үндес. Сондай-ақ «Гүлденген өлке», «Қазақстан нұрлы аймақ», «Сәулетті Қазақстан» секілді ән -хоры бар.

Әблахат Еспаевты алғаш дарын иесі деп таныған белгілі композитор Латиф Хамиди жас талапкерге ақ жол сілтеп, табиғи дарындылығын мойындаған.

Әблахат пен Назымның тәлім-тәрбиесін көрген бес бала Сейітжан, Болат, Гүлмира, Гүлсім және Кәукен әке жолын қумады, олар басқа саланың жоғары білімді мамандары.

Әке жайлы сөз қозғағанда толқи түсіп әңгімеге араласқан Гүлсім қазір толысқан шағында. Олай болса, Гүлсім Әблахатқызымен болған сұхбатымызға кезек берейік:

- Гүлсім, қыз балаға әкенің орны бөлек болады ғой. Өзіңіз аяулы әкеңіз Әблахат Еспаевтың шығармашылығына жанашырлықпен қарап, бірден-бір мұрагері болып жүрсіз. Газет - журналға шыққан мақалаларына дейін жинап, көздің қарашығындай сақтап, көп іс атқардыңыз. Ендігі жерде сіз әкенің балаға деген сүйіспеншілігі, қамқорлығы жайлы есіңізде қалған естеліктер болса айта отырсаңыз!

- Әкеміз қатты сөйлемейтін адам еді. Бір-екі сөзбен ойын жеткізетін. Бізге жақсы тәрбие берді, өмірде таза өмір сүру керек дейтін. Онысы- адамгершілігің мол болып, шыншыл, тура жолдан таймай, әрдайым кісілігіңді жоғалтпауың қажет дегені шығар. Әкеміздің бір айтатыны, «біреу есік қақса, қорықпай аш» дейтін. Онысы қиындықтан қорықпа дегені шығар деп ойлаймын. Және де бір айтқаны «адамдардың артында қалма, алдына да шығып кетпе, орташа бол» дейтін. Мен кішкене кезімде осыны түсінбеуші едім. Бұнда да үлкен философиялық ой жатыр екен-ау...

Әкем тумысынан ақжарқын адам еді. Музыканы жазып отырғанда толқып ерекше күйге түсетін. Ән келгенде ысқырып отырып нотаға түсіретін. Сосын бөлмесіне кіріп, есігін жауып, алаңсыз ән шығаруға кірісетін. Біз ешқашан бөгет болып көрмедік. Өмірімде бір рет рұқсатсыз бөлмесіне кіріп барғанда селк етіп шошып кетті. Онысы музыкаға беріліп, ой құшағына кеткен сәтінде ойын бөліп жібергендіктен де болар деп ойлаймын.

- Әблахат ағамыздың өмірінің біраз уақыты Қазақ радиосында өтті. Өзіңіз әңгімелескен кезде біз мерекелерде радиоға жиі келуші едік деп айтушы едіңіз.

- Кішкентай баламыз ғой. Жаңа жылға, мейрамдарға радиоға келуші едік. Радиода істемегенде достары келіп, әңгімелерін айтып, жұмыстағы өзгерістерді баяндайтын.

Әкем өте ұқыпты жан еді. Қағазы үнемі реттеулі тұратын. Радиода істегенде өз шығармаларын әуе толқынынан бергізбейтін. Артық әңгімені ұнатпайтын.

Шәмші, Әблахат бір мезгілде өмір сүрген адамдар ғой. Олардың аға-інідей тату-тәтті, достық көңілмен шығармашылық араласқанын білеміз.

- Әблахат ағамыздың әндері лирикаға толы, халықтық үні басым шығармалар ғой. Композитор әндері өз заманында тез таралып, насихатталып жататын болса, бұл әндердің өміршеңдігі әлі де ұзағынан болып отыр. Қазіргі жастар да әкеңіздің әндеріне көбірек тоқталып, сол әндерді өз бағдарламаларына қосуға талаптанады. Осыны табиғи дарындылықтың күші ме деп те ойлаймын. Әкеңіздің Шәмшімен достығы жайлы білсек деймін.

- Шәмші ағамыз әкемізден бес жас кіші болған. Ол кісі әкемізді ұстаз ретінде құрмет тұтатын. Ол кісі осы үйдің үлкен ұлымын деп күліп отырушы еді. Шәмші алғашқы әндерін әкеме тыңдатып, ноталарын көрсетіп отыратын. Сонда әкеміз «қандай дарынды композитор» деп, өнеріне басын иіп отыратын. Әкемнің жан досының бірі - Нұрсұлтан Әлімқұлов еді. Екеуі көп әндерді бірге жазды.

- Ұрпақ әрдайым мұрагер болып келеді емес пе? Сіз жақсының тұяғысыз. «Жақсының көзі, алтынның сынығы» деп те жатамыз. Ал әке мұрасын әрі қарай насихаттауда қандай ой сізді мазалайды?

- Өмірбек Байділдаев деген ағамыз әкеміздің досы. Ол кісі тірі кезінде кітап жазыпты. Бірақ оны шығара алмаған. Соны Өмірбек ағамыздың әйелі Кәмила бізге тапсырған. Мақсатымыз жақсылап қарап шығару. Әкемнің әндерін жастар көбірек орындаса екен деп ойлаймын.

- Сіздің әкеңіздің айтылмаған әндері де бар шығар?

- Әндер бар деп айта алмаймын. Спектакльге арналған, бірақ бітпеген шығармаларының ноталары бар.

- Анаңыз өнерге жақын адам ба еді?

- Жоқ, ол кісі мұғалім болатын. Композитордың ойына ағыл-тегіл ән келгенде жағдай жасап, үйде тыныштық орнататын да анамыз еді. Келген қонағын күтіп, әкеміздің жағдайын жасап бәйек болып жүруші еді.

Баяғыда Нұрғиса Тілендиев айтатын: Әблахаттың бақыты - осы Назым деп.

- Екі жақсы қосылмайды деуші еді, екі жақсы кездесіп, осындай да жарасымды жұп болады екен -ау, аса риза болып отырмын,- деуші еді жарықтық....

Биязы мінезді, үлкен адамгершілік иесі Әблахат Еспаев аса балажан еді. Содан да болар, «Ортеке», «Біздің класс», «Бесік жыры», «Сыңғырлай бер, қоңырауым» және циклды «Жыл он екі ай» әндерін жазған.

Қазақ радиосының «Жауқазын», «Өрендер», «Ойлан тап» журналдарын көркемдеген көптеген әуендер Әблахат ағамызға қолқа салып жаздырған шығармалар еді.

Әблахат Еспаевтың шығармашылық шабытынан туған екі жүз елуден астам әннің көпшілігі Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Оны Роза Бағланова, Ришад және Мүсілім Абдуллиндер, Жамал Омарова, Сара Тыныштығұлова, Суат Әбусейітов және Байғали Досымжанов сынды белгілі әншілеріміз шеберлікпен орындай білген. Сезімтал да ыстық жүрекпен жазылып, зерделі ойды аша білген лирикаға толы сыршыл әндерді тыңдай отырып :

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзімен,

Өмір сәуле түсірер судай тұнық, - деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Сүйініш пен күйініш, достық көңілдегі әзіл, отанға деген сүйіспеншіліктен туған Әблахат әндері ұлттық бояуы қанық, өміршең шығармалар.

Өнер табиғилығымен құнды. Халқымыз шын асылын көздің қарашығындай сақтайды. Сондықтан туғанына тоқсан жыл толғалы отырған әйгілі композитор Әблахат Еспаевтың әндерін біз келешек ұрпақтың рухани азығы демекпіз. Оның әндері таусылмайтын бұлақ, аласармайтын тау сияқты биік. Өмір көші ұзаған сайын асылға айналған өнер иесінің жарқын бейнесі көктегі жарық жұлдыздай жарқырап, асыл өнердің шоқтығы биіктей бермек.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева