Конституциялық бақылау ұлттық қоғамдық жүйені тұрақты жетілдіруге ынталандырады - И. Рогов

Қазақстанда конституциялық бақылау органының құрылу тарихы өткен ғасырдың 80-ші жылдарында бастау алғанын атап өткен жөн. Сол кезде Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясына Конституциялық қадағалау комитетін құруды қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Алайда, ол нақты құрылмады. Конституциялық бақылау органы мемлекет егемендік алған соң ғана пайда болды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Конституциялық заңмен Конституцияны қорғаудың жоғары органы болып Конституциялық Сот белгіленді. Конституциялық Сот 1992 жылдан бастап әрекет ете бастады, сол кездері «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» және «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» заңдар қабылданды, Конституциялық Соттың төрағасы мен оның он судьясы сайланды. Кейін конституциялық құндылықтарды неғұрлым толыққанды іске асыруды қамтамасыз ету қажеттігі Конституцияны қорғаудың тетігін жаңғыртумен шартталды, соның нәтижесінде конституциялық квазисот органы - Конституциялық Кеңес құрылды. Ол, Негізгі Заңда белгіленген өзінің миссиясы мен функцияларына сай, Қазақстан өмірінің барлық жағын конституцияландыру үдерісіне белсене қатысады, заңнамада қазіргі заманғы жүйелі бастаулар орнығуына септігін тигізеді, жалпы танылған және ұлттық құндылықтарды мемлекет құрылысы мен құқық жүйесінде іске асырады, адамның, қоғам мен мемлекеттің арасында өркениетті өзара қарым-қатынастар дамуын ынталандырады.
1996 жылғы ақпаннан бергі кезең ішінде Конституциялық Кеңеске 190-нан астам өтініш түсті: Мемлекет басшысынан - 21 өтініш, Парламент Палаталарының төрағаларынан және олардың депутаттарынан - 77, Премьер-Министрден - 27, соттардан - 66 өтініш. Конституциялық Кеңес 140-тан астам нормативтік қаулы қабылдады, олардың ішінде 6-ы өзінің қаулыларын қосымша түсіндіру туралы. Негізгі Заңға конституциялық новеллалар енгізілуіне байланысты (1998 және 2007 жылдар) Конституциялық Кеңес өзінің кейбір актілерін қайта қарау туралы (2004, 2007, 2008, 2011 жылдары) шешім қабылдады.
Конституциялық Кеңеске түскен барлық өтініштің ішінде 27-нің нысаны Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру болды. 15 өтініш бойынша, жалпы алғанда, 17 заң Конституцияға сәйкес емес деп танылды.
Конституцияның нормаларын ресми түсіндіру - Негізгі Заңның үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды құралы. Конституциялық Кеңестің қызметі жылдарында Конституцияның нормаларын ресми түсіндіру туралы 100-ден астам өтініш қаралып, олар бойынша 80-нен астам нормативтік қаулы қабылданды. Негізгі конституциялық институттарды және олардың даму болашағын түсінуге заңды көзқарас белгілейтін, мемлекеттің, қоғамдық бірлестіктердің және азаматтардың өзара қарым-қатынасының қағидаттарын айқындайтын, адамның және азаматтың құқықтарын қамтамасыз етудің тетіктерін нығайтатын, сондай-ақ еліміздің одан әрі конституциялық дамуына қатысты басқа да бірқатар мәселелерге түсіндірмелер берілді. Конституциялық Кеңестің Республика соттарының ұсыныстарын қарауы конституциялық заңды нығайтуда елеулі үлес болып табылады. Оған түскен 66 ұсыныстың 28-і қорытынды шешім қабылдана отырып, мән-жайы бойынша қаралды.
Өткен жылдары Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Конституциялық Кеңестің 19 жолдауы жария етілді. Оларда адамның құқықтарын қорғау, заң шығармашылығы қызметін жетілдіру, заңнамаларды Конституцияға сәйкес келтіру, сот құрылысы және сот ісін жүргізу, жүргізіліп жатқан әкімшілік реформалар және конституциялық реттеудің басқа да салалары туралы мәселелер көтерілді.
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның 19-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес Мемлекет басшысының талабы бойынша 2006 жылы Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат, ал 2008 жылы - Тіл туралы конституциялық ережелерді іске асыру саласында Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы ақпарат табыс етілді.
Мемлекеттік органдар жүйелі негізде Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындауға бағытталған заңнамалық және басқа да шаралар қабылдайды, конституциялық заңдылықты нығайту және жетекшілік ететін саласында заңнамаларды жетілдіру мақсатында өздерінің күнделікті қызметтерінде оларды басшылыққа алады. Конституциялық Кеңестің шешімін іске асырудың пәрменді жолы - Президент жанындағы консультативтік-кеңесу органы болып табылатын Құқықтық саясат кеңесі отырыстарында жауапты мемлекеттік органдарды айқындап және оларға нақты тапсырмалар бере отырып, осы мәселені ұдайы талқылауға мүмкіндік береді.
Биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізілген Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерде, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларынан және жолдауларынан туындайтын шешімдер кешені жүйелі түрде іске асырылды. Бұл азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тарту, жаза тағайындау, ұстау және оның мерзімдерін есептеудің бастамасын, заңның кері күшін, қорғаушының қатысуын, айыпталушылардың құқықтарын, сот ісін жүргізу, сот актілерін қайта қарау және басқа да мәселелерді реттейтін нормаларға қатысты.
Негізгі Заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес Конституциялық Кеңес өзінің бірқатар жолдауында (2005 жылғы 27 маусымдағы және 2006 жылғы 19 маусымдағы) қылмыстан зардап шеккен азаматтардың мүліктік залалдарын өтеуге мемлекеттің қаржылық қатысуы қажеттігіне назар аударады. Осыған байланысты, Қылмыстық-процестік кодекстің 173-бабында жәбірленуші болып танылған тұлғалар оларға зиянды өтеу туралы заңнамалық актіде көзделген жағдайларда, тиісті мөлшерде және мерзімде зиянды өтеу қорынан мемлекеттік ақшалай өтемақыны кейінге қалдырмай толық не ішінара алуға құқығы бар. Қазіргі таңда, «Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жәбірленушілерге зиянды өтеу қорының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленді.
Конституциялық Кеңестің 2014 жылғы 11 маусымдағы №2 нормативтік қаулысын орындау мақсатында Үкіметтің 2015 жылғы 30 маусымдағы №491 қаулысымен Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы енгізілді, оның ережелері жалпы мүлікті бөлу және одан үлесті бөліп алу тәртібін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Белгіленген заңнамалық рәсімдердің аяқталуы бойынша Жоғарғы Сот Азаматтық кодекстің (Жалпы бөлім) 218-бабының және олармен ұштасқан басқа да заңнамалық актілердің нормаларын қолдану мәселелерін түсіндіретін нормативтік қаулы қабылдауды жоспарлап отыр.
Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 7 мамырдағы №6/2 қаулысына сәйкес «Байқоңыр» кешенінің аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылдары туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы келісімге (03.10.2006 ж.) және «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына Ресей Федерациясы құқық қорғау органдары мен соттарының Қазақстан азаматтарын қылмыстық қудалауын болдырмайтын түзетулер енгізілді. Қазіргі таңда, тараптар әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселелері бойынша өзгертулерге келісу рәсімдерін әзірлеуде және өткізуде.
Үкімет Конституциялық Кеңестің олардың Конституцияға сәйкестігін тексеруді қоса алғанда, халықаралық шарттарға қол қойғанға және бекіткенге дейінгі кезеңдерде сараптамалық жұмыс деңгейін күшейту туралы ұсынымдарын іске асыру бойынша шаралар қабылдауда. Осындай негізгі жұмыстан басқа, Конституциялық Кеңестің өкілдері ұлттық саяси-құқықтық жүйені одан әрі дамыту туралы ұсыныстар әзірлеу бойынша консультативтік-кеңесу және басқа да органдардың жұмыстарына тартылады.
Осы жылдар ішінде Конституциялық Кеңес ел ішінде ғана емес, одан тыс елдерде де танымал бола бастады. Ол беделді халықаралық ұйымдардың құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасауда (БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және басқалары). Қазақстан 2012 жылдан бастап Еуропа Кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясының (Венециялық комиссиясының) мүшесі. Конституциялық Кеңес 1997 жылдан бастап жаңа демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясына қатысушы, ал 2013 жылдан бастап конституциялық сот төрелігі және Азиялық конституциялық соттар қауымдастығы мен оларға тең институттардың Дүниежүзілік конференциясына мүшелікке өтті.
Қорытындылай келе, конституциялық бақылаудың ұлттық қоғамдық жүйені тұрақты жетілдіруге және ұдайы өзгеріп тұратын қоғамдық қатынастарды үйлестіруге ынталандыратын болады деп айтқым келеді. Ол мемлекеттік ой-сананы және құқықтық сананың қажетті сапасын қалыптастырады. Конституциялық бақылау мемлекеттік билік органдарын ғана емес, қоғамның әрбір мүшесін іс-әрекеттің құқықтық үлгісіне итермелей отырып, елеулі превентивті рөл атқарады.
Игорь РОГОВ, Конституциялық Кеңес төрағасы.
«Егемен Қазақстан» газеті
29 желтоқсан 2015 жыл