Консалтингтік бизнестің көмегінсіз экономика салаларын дамыту мүмкін емес

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Консалтингтік бизнестің көмегінсіз экономика салаларын дамыту мүмкін емес. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Қазақстандағы басқарушылық консалтингтің халықаралық стандарты» атты дөңгелек үстел барысында айтылды.

Консалтингтік бизнестің көмегінсіз экономика салаларын дамыту мүмкін емес

«Менеджмент, басқару бойынша консультанттар - Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша жаңа мамандық. Ол мамандықтардың халықаралық тізіміне тек 2009 жылы ғана енгізілді. Әлемде басқару бойынша консультанттар дипломын беретін мықты екі-ақ бизнес мектебі бар. Бірі - Францияда, екіншісі - Оңтүстік Африкада. Біздің менеджмент бойынша Қазақстан консультанттары палатасы Халықаралық менеджмент консалтинг бойынша институттар кеңесінің мүшесі. Оған 50 ел мүше. Олардың ішінде бүкіл әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70% өндіретін үлкен 20 ел де бар. Мінеки, ел экономикасының барлық саласының ілгері дамуына басқару бойынша консультанттардың рөлі өте зор. Консалтинг - дамудың ажырамас бөлігі. Біздің ұранымыз «Әдепке, біліктілікке және тәуелсіз пайымға негізделген жетістік», - деді менеджмент бойынша Қазақстан консультанттары палатасы басқарамасының төрайымы Гүлсім Ақтамбердиева. Алғаш 2010 жылы құрылған шақта палатаның бар-жоғы 3-ақ мүшесі болған екен. Ал бүгінде ол 70-тен астам жоғары білікті консультанттарды біріктіреді. Олар менеджмент тетіктері арқылы экономиканың әр саласында қызмет атқаратын жеке және мемлекеттік компанияларға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға олардың жұмыстарын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ палатаның қолдауымен жас консультанттар арасында біліктілік тренингтері өткізіліп тұрады. Тренингтің бір күнгі бағасы орта есеппен 200 АҚШ долларын құрайды.