Конституция күні - біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі - Елбасы
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылғанҚазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі», деді өз сөзінде Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы Конституцияны басшылыққа ала отырып елімізде тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқарылғанын атап көрсетті. «Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуетті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты», деді Президент.
«Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды», деп тұжырды сөзін Елбасы Н. Назарбаев.