Конституция күні қарсаңында Қордай ауылында жаңа мектеп ашылды - Жамбыл облысы

№6 мектептің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуев, Қордай ауданы әкімі Қайрат Досаев қатысты. Е.Манжуов қордайлықтар мен оқушыларды жаңа мектеппен құттықтап, жаңа оқу жылында табыстар тілеп, Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаевтың атынан бағалы сыйлығын табыс етті. Сонымен қатар Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай ақсақал өзінің жылы лебізін білдіріп, бір кездері арман болған мектеп үшін шын ризашылығын білдірді. Мердігер компания өкілі мектеп директоры Ардагер Керімбаевқа мектептің символдық кілтін табыс етіп, лента қию рәсімінен кейін құрметті қонақтар мектеп ішін аралап көрді. Үлкен спорт зал, кең асхана мен акт залы, 2 лингофонды, 2 информатика және 1 мультимедиа кабинеттерімен жабдықталған, жалпы айтқанда соңғы үлгідегі барша заманауи техника және өзге де қажеттілердің барлығымен қамтылған мектеп 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға сақадай-сай.