Конституция күнін әскери парадпен атап өтеміз - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 30-ы, бейсенбі күні жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Конституция күнін әскери парадпен атап өтеміз - республикалық басылымдарға шолу

 «Алдағы айда тек Астана тұрғындарын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын тамаша әскери қойылым күтіп тұр. Ел Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығы бойынша  тамыздың 30-ында, еліміздің бас қаласында Конституция күніне арналған үлкен әскери парад ұйымдастырылмақ», деп жазады «Айқын» апталығы. «Конституция күнін әскери парадпен атап өтеміз!» деген тақырыппен жарық көрген мақалада Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Н.Жоламановтың журналистерді аталған шараға дайындық барысымен таныстырғаны айтылған.

                                                                                          *** 

«Банктердің бірігуі мүмкін бе!». Осы тақырыппен жарық көрген мақалада басылым тілшісі отандық банктердің қазіргі таңда бірігіп, іріленуі мүмкін бе деген сауал төңірегінде ізденген.

 «Стратегия» Әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығының «Нұр Отан: Билік партиясы ма, халық партиясы ма?» деген көлемді зерттеуі «Айқын» апталығының 4-5-ші беттерінде берілген.

 Осы басылымда жарық көрген «Бесжылдықтың бірінші белесі»  атты мақалада  тілші «Сондықтан да бірінші белесте, яғни индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы жылында ең тиімді жобаларды іске қосып үлгермесек болмайды», деп қолға алуды жеделдетуді қажет ететін диірмен, дәрі-дәрмек зауыты, мұнай химиясы төңірегінде сөз қозғаған.

 «Қаладан шыққан қалдық су қайда барады?». Осы тақырыппен жарық көрген мақала Алматы маңындағы Сорбұлақ сарқынды су қоймасына арналған. «Ені 8, ұзындығы 15 шақырымды құрайтын бұл жасанды көлдің халі мүшкіл екені жасырын емес. Оның жағдайы соңғы он жылда тіпті нашарлап кетті», дейді басылым тілшісі. 

                                                                                         ***

 «Астана Ақшамы» газетінде елорда әкімі И.Тасмағамбетов доңыз тұмауына орай қала тұрғындарының сауалдарына жауап берген.

 Осы басылымда «Той - халықтың қазынасы» деген тақырыппен екі беттік мақала жарық көрді. Онда Астанада той-жиындар қалай өтіп жүр, елорданың қалың бұқарасы өзіне тән салт-сана, мәдениет, дәстүр, астаналық менталитет қалыптастырып үлгерді ме деген сауалдарға жауап берілген. Сондай-ақ әншілермен, асабалармен осы төңірегінде әңгіме өрбіген.

 Газеттің соңғы бетінде Германиядағы Қазақстан жылының аясында Берлин мен Астана құрамаларының арасында өткен бокстан матчтық кездесуде біздің спортшыларымыз 5:4 есебімен жеңіске жеткендігі  жазылған.  «Түйіндеп айтқанда, Берлинде өткен  кездесу өте әсерлі өтті. Бір ерекше атап айтарымыз, біздің боксшылардың өнерін тамашалауға Германияда тұратын қазақ бауырларымыз көп жиналды», дейді басылым тілшісі.

                                                                                          ***


 «Нұр Астана» басылымында 2006 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық курсында білім алған, қазір Кореядағы Ханкук Орталық Азия ғылыми-зерттеу институтының магистранты Си На Юнмен эксклюзивті сұхбат берілген. Әңгіме барысында корей қызы «Тіл - ойымызды басқа адамға жеткізетін қатынас құралы ғана емес, ол арқылы мемлекеттің тарихы, мәдениеті, жалпы қоғам зерттеледі. Сондықтан қазақ халқы бірігіп, ана тілінде сөйлесе, қазақ тілінің болашағы жарық болады деп ойлаймын», деп қазақ тілі туралы өз пікірін білдірген.

 Осы газетте «Кәсіпорындар дамуға серпін береді» деген мақала бар.

 Шығыстанушы, филология ғылымының докторы, профессор, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті Ислам Жеменеймен арадағы сұхбат «Ұлттық мүдде жоғалған жерде тонау оңай болады» деген тақырыппен жарық көрген. «Иә, пантюркизм деп сылтауратып, бізді кириллицаға алып кетті. Бұл жерде тағы айла жасады. Бұрын өзбек, қазақ, қырғыз бір тілмен - түркі-шағатай тілімен сөйлесіп, түсінісіп келгені мәлім. Енді бұларды бір-бірінен алыстату керек болды. Ол үшін не істеу керек? Алфавитте өзгерістер жасады. Біз Ташкентті «а»-мен жазсақ, өзбектер «а»-ны «о»-мен жазды, «Тошкент» деп, «қозоқ» деп. Көрдіңіз бе, сол алфавит әріптеріндегі өзгерістің өзі дыбыстық өзгеріске алып келіп, күні бүгінге дейін бір-бірімізді түсінбей отырмыз. Түркі халықтарын ділі де, діні де бір дер едік, егер алфавитіміз бір болса», дейді ғалым.