Конституция күніне орайластырылған мерекелік іс-шаралар «Тәуелсіздік» алаңында жалғасын тапты
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаланың құрметті азаматтары мен ардагерлер, мекемелер мен ұйымдар, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандары, ұлттық-мәдени орталықтар, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар өкілдері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары сап түзеді. Әрқайсысы еліміздің көк байрағын, «Конституция - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі», «Конституция - еліміздің Негізгі заңы» сынды айшықты ұрандар ұстаған. Жүзден астам ұйымнан алты мыңға тарта адам сап түзеп мерекелік шерумен өтті. Алаңға жиналған қалалықтар биік мінберге орнатылған монитордан осы сәтте Астанада өтіп жатқан алғашқы әскери шеруді тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Сарбаздар қатарында сап түзеп бара жатқан Щучьедегі Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусы мен Төтенше жағдайлар министрлігі Көкшетау техникалық институтының өкілдерін қолдап, қол соғысты. Елбасының құттықтауын тікелей әуе толқынында ризалықпен тыңдаған жұртшылық бұдан соң жергілікті өнер шеберлерінің, ұлттық-мәдени орталықтар өнерпаздарының ән- билерін тамашалады. Конституция күніне арналған іс -шаралар бұған дейін қаланың әр мөлтек ауданында, жұртшылық жиналар орталықтарда, мәдени және спорт кешендерінде бастау алған болатын. Атап өтер жәйт, осындай той-думан барлық аудан орталықтарында да өз жалғасын тапқан. Жалпы ұлттық мереке кешкі отшашумен тамамдалмақ.