Конституция - мемлекеттіліктің табысты дамуының негізі

АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осыдан он бес жыл бұрын, тамыздың 30-ында Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң - мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына,
None
None

дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 15 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі - Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциясылардың бірі болып саналады екен. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат 15 жасқа енді толды. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан өтті, өзінің заман талабына лайықтығын дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.

Тарихқа кері шегінетін болсақ, тәуелсіздіктен кейін 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Алайда, уақыт өте келе заман ағысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қолданыста жүрген қазіргі Конституция қабылданды. Ал Негізгі заңды қабылдайтын 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын.

«1990 жылғы қазанның 25-інде Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл конституциялық маңызы бар тәуелсіз еліміздің тұңғыш құжаты болатын. Алайда, осыны басшылыққа ала отырып, елдің ішінде саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар жүргізу мүмкін емес еді, құжаттың заңдық күші болмады әрі декларацияда осындай мақсаттар көзделген жоқ. Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Нақ осы заң 1993 жылғы да, 1995 жылғы да Конституцияның негізі болып табылады», - дейді Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, «Конституция - мемлекет дамуы мен тұрақтылығының кепілі» атты дөңгелек үстелде. Оның айтуынша, аталмыш заңда алдағы уақыттағы Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты, экономика бағыттары, меншік түрлері, азаматтардың құқығы туралы біршама мәселелер қамтылған. Яғни, депутаттың пікіріне сүйенсек, егемен Қазақстан тарихында қабылданған ең алғашқы «Тәуелсіздік туралы» заңда бүгінгі Конституцияның белгілері тұтасқа жуық қамтылған болып отыр.

Ал алғаш қабылданған 1993 жылғы Конституцияға қайта келетін болсақ, бұл негізгі құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт негізгі мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болатын. Оның біріншісі - мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден - экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден - жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден - ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата заңда көрсету. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабында жазуына қарағанда, жоғарыда қамтылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі Конституцияның жобасында болмады. Президент бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын жазады.

«Мен 1995 жылы қабылданған Конституцияның негізгі авторы - Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаев деп толық сеніммен айта аламын. Өйткені, Президент сол кездері Еуропа мен Азияның, Солтүстік Латын Американың барлығы 20-дан астам дамыған және дамушы елдерінің конституцияларын зерттеп, саралап шықты. Сосын 1994 жылы өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата заңымыздың негізі еді», - деді депутат А. Смайыл.

Шындығында, 1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері осы жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі заң да осы - 1995 жылы қабылданған Конституция. Құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Елден 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында : «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондайақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», деген болатын.

Ал бүгінгі Ата заңымыздың басты ерекшелігі қандай? Осы мәселеге келетін болсақ, депутат А. Смайыл бұны Елбасы ұсынысымен енгізілген төрт ұстанымда екендігін алға тартады. «Бұндай позицияларды енгізуге сол кезде бірқатар заңгерлер де қарсы болған еді. Өйткені, әлем елдері конституцияларының кіріспесінде бұндай баптар жалпы кездеспейді. Ал жаңағы төрт ұстанымға келетін болсақ, бұл біріншіден - қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден - экономикалық даму, үшіншіден - қазақстандық патриотизм, төртіншіден - маңызды мәселелерге референдум жасау және парламентте дауыс беру арқылы шешу. Міне, осы төрт мәселе біздің республикамыздың негізгі принциптері болып саналады. Осы төрт мәселені Ата заңымыздың бірінші бабында енгізу арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол аша алдық», деді депутат.

Кейіннен 1995 жылы тамыздың 30-ында елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады.

Сонымен 15 жасқа толған Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының басым бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Ал, қазіргі басты міндет Конституцияны қатаң ұстану. Осы тұрғыдағы ойымызды Елбасының сөзімен аяқтасақ : «Конституцияны қатаң ұстану - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру - бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет - Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесе, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ».

Соңғы жаңалықтар