Конституция мен заңдар қаншалықты дұрыс болғанымен, оларды іске асыратын адамдар-Сайын Борбасов

МАТЫ. 27 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл Қазақ мемлекетінің өз тәуелсіздігін жариялағанына - 20, ал оның Ата заңының қабылданғанына - 16 жыл толады.

Конституция мен заңдар қаншалықты дұрыс болғанымен, оларды іске асыратын адамдар-Сайын  Борбасов

Осы уақыттың ішінде Қазақстан әлемдiк қауымдастықтан өз орнын тауып, өзіндік даму жолына түскен елге айналды. Біз осыған орай Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен өсіп-өркендеуіндегі Конституцияның рөлі туралы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, ҚР білім беру ісінің үздігі Сайын Борбасовқа өз пікірін білдіруін сұраған едік.

- Сайын Молдағалиұлы, 1995 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының әлеуетін өткен 16 жылда қаншалықты деңгейде пайдалана алдық? Оған қандай да бір баға беруге бола ма?

Қазақстан қазіргі Конституцияның арқасында әлемдік қоғамдастықтан өз орнын тапқан дербес елге айналды. Онда Қазақстан халқына қажетті ішкі-сыртқы факторлардың барлығы да қарастырылған деуге болады. Конституция

өзінің мазмұндық құрылымының, идеялық бағытының дұрыстығы арқасында Қазақстанның дамуына жол ашты. Ата Заңмен бiрге елде нарықтық модернизация, саяси жүйенiң жаңаруы, демократияландыру үдерісі, қоғамдық және әлеуметтiк келісімді күшейту іске асты. Қазір әлем мойындаған «Қазақстандық даму моделi» деген феномен өмірге келді. Біз бұрын шығыс барыстары мен жолбарыстарының моделдерін үлгі етсек, қазір "Қазақстанның даму моделі" деген модель үлгіге айналуда. Оны саяси жаңаруда да үлкен бір феномен ретінде қарастыруда.

Қазақстан тәуелсiздік жылдары екі рет 1993 және 1995 жылдары Конституция қабылдады. Біріншісі, парламенттiк-президенттiк саяси жүйенi қалыптастыруды мақсат тұтқан болатын. Алайда нақты билiк бөлiнiсiн көздеген бұл Ата Заң Қазақстанның өтпелi кезеңдегi мiндеттерiн тиiмдi шешуге құқықтық-нормативтiк база жасай алмады. Елде билiксiздiктiң қауiптi симптомдары байқалды. Қазақстанның нарықтық жаңару үдерiсi тежелiп қалды. Саяси нормалар мен жаңа әлеуметтiк-экономикалық қатынастарды жасайтын заң шығарушылық қызмет тым бәсеңсiп кеттi. Осындай жағдайда өтпелi, транзиттiк кезең мiндеттерiн батыл да тиiмдi шешетiн жаңа Конституцияға қажеттілік туындады. Соның нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қолданыстағы қазіргі Конституция қабылданды.

- Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуеті әлі сарқылған жоқ. Барлық мәселе оны дұрыс iске асыруға тіреліп тұр деген пікірге қалай қарайсыз?

20 жылдың ішінде 1700 заң, 300-ге жуық заңдық мәртебесі бар Президент Жарлықтары қабылданған. Олар қоғамдық өмірдің негізгі салаларының барлығын заңмен реттеуге мүмкіндік береді. Яғни, Қазақстан нақты құқықтық мемлекетке айналып келе жатқан ел. Әрине, мұнда ешқандай кемшілік жоқ деп айта алмаймын. Заңның орындалуы жағында үлкен кемшіліктер бар. Біздің Конституция өтпелі кезеңдегі транзиттік мемлекеттің Конституциясы. Біз үнемі жаңарудағы мемлекетпіз. Конституция мен заңдар қаншалықты дұрыс болғанымен оларды iске асыратын адамдар. Демек азаматтардың заңдарды орындауға деген ниетi мен құлшынысы құқықтық қоғам орнатуда шешушi маңызға ие. Әсiресе мемлекеттiк қызметтегi лауазымды қызметкерлер мен қатардағы чиновниктердiң мемлекет заңдарын орындауы қоғамдық қатынастарды ойдағыдай дамытудың кепiлi болып қала бередi. Құқықтық мемлекет ұраны - «үй сыпырушыдан бастап президентке дейiн заңды орындау», - деп бекер айтылмайды. Әсiресе, нарықтық қатынастар жағдайында экономикалық және саяси-әлеуметтiк шындықтарға сай келетiн заңдарды қабылдау және оларды күнделiктi өмiрде жүзеге асыру мемлекеттегi әлеуметтiк тұрақтылықтың кепiлi бола алады. Қазақстан дамыған мемлекеттердiң дамуының осындай моделiн өзiне үлгi етiп алды.

Қазақстан қоғамының дамуы үдерiстерi Конституцияның кейбiр олқы тұстарын көрсетуi де заңды құбылыс. Сол себептi Конституцияны толықтыру, өзгерген өмiр шындықтарына сәйкес жаңалықтар енгiзiп тұру - Қазақстан қоғамының өзектi мiндеттерiнiң бiрi.

- Конституцияға нақты қандай өзгерістер мен түзетулерді енгізуге болады?

1995 жылдан бері Қазақстан қоғамы түбегейлі жаңару үстінде. Сондықтан Конституцияға менің ойымша өзгерістер енгізетін жағдайлар бар. Қазақстандағы этнодемографиялық және этноконфессионалдық ахуал түбегейлі өзгерді. Мысалы, 1995 жылы елде қазақ ұлтының үлесі 45 пайыз болса, қазір 67 пайыз. Демек қазақ халқының рухани, тілдік саладағы талаптарына басымдық беру керек. Демократияның мәні халықтың көпшілігінің мүддесін жүзеге асыру. Заң деңгейiнде, әрине қазақ ұлтының өкiлдерiне ешқандай экономикалық, қаржылық немесе әлеуметтік артықшылықтар беруге болмайды. Онда демократия принциптері бұзылады. Бізге рухани салада ұлттың сақталуына көмектесетін ғана артықшылықтар Конституцияда белгіленіп көрсетілуі керек. Мәселе, қазақ ұлтының рухани, дiни, тiлдiк даму мен тарихи санасының заңды құқықтарын қорғауға келiп тiреледi. Әрбiр қазақ азаматының ана тiлiн бiлуi - оның қызметтiк iсiмен тiкелей байланысты болуы конституциялық талапқа айналуы дұрыс. Қазақ тiлiн бiлмейтiн қазақ азаматына мемлекеттiк қызметтiң берiлмеуi мемлекеттiк тiл мәртебесiн асыратындығы даусыз. Әсіресе тілге байланысты орыс тілі қазақ тілімен бірдей дәрежеде қолданылады деген бапты алып тастайтын мезгіл жетті. Себебі орыс тілі Қазақстанда өзінің тарихи миссиясын толық атқарды, алда да атқара береді. Оны Конституцияда бекітудің ешқандай қажеттілігі жоқ. Саяси жағынан да, әлеуметтік жағынан да, этнолингвистикалық жағынан да. Қазiр ел халқының 67 пайызын құрап отырған қазақ ұлтының тiлi, елдiң 29 пайызын құрайтын орыс диаспорасының тiлiмен теңестiрiлуi құқықтық та, демократиялық та талаптармен сыйыспайды.

Қазақ ұлтының рухани саладағы мүдделерін көздейтін баптарды енгізбейінше Қазақстанның әлеуметтік жаңару жағдайында дамуы қиындық туғызады.

- Конституцияда әлемдiк демократияға тән құбылыс саяси плюрализм басымдылығы танылған. Мемлекеттiк идеология туралы ештеңе айтылмаған. Қазiргi әлемдiк идеялар, дiндер, өркениеттер бәсекелестiгi жағдайында Қазақстанның жалпымемлекеттiк және жалпыұлттық мұраттары мен құндылықтарына жауап беретiн мемлекеттiк идеология туралы мәселенi конституциялық деңгейде қою күн тәртiбiнде қоюға бола ма?

Қазақстандық идеология жалпыадамзаттық гуманистiк үлгiлер фундаментiнде, ұлттық iзгiлiктi құндылықтар мазмұнында жасалынып, қазақстандық патриотизмдi тәрбиелеудi қамтамасыз етуi керек. Қазақстандық идеологияның мақсат-мiндеттерiн, мән-мазмұнын терең ғылыми зерттеу қоғамтанушылар алдындағы кезек күттiрмейтiн саяси мәселеге айналды. Себебi Қазақстан халқының тiлдiк, дiни, рухани топтасуы әлi де әлсiз жағдайда. Сол себептi, ел халқын топтастырушы ұлттық идеологияны насихаттауды конституциялық мiндеттердiң бiрiне айландыру пайдалы. Ұлттық, мемлекеттiк идеология жалпыазаматтық адамгершiлiк үлгiлерiнiң платформасында болып елдегi көзқарастар мен пiкiрлердiң әралуандылығымен үнемi бәсекелес болып нығайып отырады. Яғни, саяси плюрализм принципiн жоққа шығару мақсаты күн тәртiбiнде тұрмайды. Қазақстандық мемлекеттiк идеология қазақтың ұлттық құндылықтарын, жалпымемлекеттiк құндылықтарды және планетарлық, жалпыадамзаттық құндылықтармен синтездейдi, бiрiн-бiрiне ұластыра отыра, ел азаматтарын гуманизм, татулық, достық және патриотизм рухында тәрбиелеуде шешушi рөл атқаратын болады. Мемлекеттiк идеология осымен қатар жастарға инновациялық ойлауды, креативтi шешiмдер қабылдауды үйрету мектебiне де айналады. Сондықтан Қазақстан идеологияның дiнмен теңесе алатын тәрбиелiк потенциалын пайдаланудан қашпауы керек деп бiлемiз. Себебi саясат бар жерде мiндеттi түрде идеология болады. Саяси шындықтың қоғамда өз орны бар сегменттерiн жасанды түрде жоққа шығарып, қателесудiң жөнi жоқ. Батыс сарапшылары осы жолдарды зерттей келе саясат пен идеологияның бiрiнен бiрi туындайтындығын толық мойындады. Қазақстан қоғамы өзiне пайдалы және тиiмдi идеологияны жасап, насихаттап, жастар тәрбиесiн бүгiнгi күн талаптарының деңгейiне көтере алады. Сондықтан Қазақстанның ұлттық идеологиясын өрiстететiн заңдық алаң болуы мiндеттi.

Әңгімеңізге рахмет!