Конституцияға ұқыппен қарау және құрметтеу, оның қағидаларын қатаң сақтау - қоғамның әрбір мүшесінің азаматтық борышы - А.Жайылғанова
АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - 1995 жылы халқымыз елдің Ата заңында, республика Конституциясында - заманауи Қазақстанның құқықтық іргетасын бекітті. Конституциясының қабылдануын жақтап дауыс берген азаматтарымыз құқықтық, зайырлы, әлеуметтік әрі демократиялы мемлекеттегі еркіндігі мен тәуелсіздігін өзінің саналы таңдауымен қуаттады, деді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі Анар Жайылғанова.
Оның атап өтуінше, Қазақстан Конституциясы мемлекет формасы мен оның аумақтық тұтастығын, құқық үстемдігін, адам мен азамат өмірін, құқығы мен еркіндігін басты құндылық ретінде және демократиялық режімді, экономикалық, әлеуметтік даму ұстанымдарын айқындады және жеке тұлға мен мемлекеттің қарым-қатынасының барлық қырларын қамтыды. Адамның бастапқы құқықтары оның қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттерін мойындауымен байланысты. Яғни, Қазақстан халқы болып қабылдаған Конституцияны, Парламент қабылдаған заңдарды құрметтеу әрі орындау, салықтарды мүлтіксіз төлеу және қажет болған жағдайда Отанын қорғау, тарихи және мәдени мұраны сақтауға қамқорлық көрсету - мұның барлығы да адамның қоғам мен мемлекет, қоғам мен тұлға арасындағы қарым-қатынастар кезіндегі нақты құқығынан объективті түрде туындайтын конституциялық міндеттері.
Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу (Конституцияның 1 бабының 2 тармағы).
«Қоғамдық сана-сезімде әлеуметтік-экономикалық дамуға, ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлытаралық және конфессияаралық келісімге, азаматтардың әл-ауқаты мен Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға құқықтық негіз қалыптастырған Ата заңымыздың тарихи маңызы қазірдің өзінде-ақ нық орныққан», - деді А.Жайылғанова.
Оның баса айтуынша, Қазақстан Республикасы Конституциясында айқын белгіленген азаматтардың құқықтары мен бостандығына қол сұғылмаушылықты жүзеге асыру бойынша норма мемлекеттің ерекше қамқорлық нысаны болып саналады.
Мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруды және азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруды қамтамасыз ететін Конституция нормасының пәрменділігі Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрініс тапқан маңызды бастамаларымен ашыла түседі.
Елімізде мемлекеттік органдар, Конституцияға және уақыттың жаңа талаптарына сәйкес, заңнамалық, атқарушылық және сот билік тармақтарының дербестігі Конституция ұстанымдарының негізінде әрі мемлекеттік билік жүйесі бірлігінің теңгерімділігін сақтай отырып, құрылуда.
Мемлекеттік билікке қолдау көрсету, оған азаматтар мен халықтың сенім артуы қазіргі уақытта заманауи әлемнің басты проблемасы болып отыр. Сондықтан да өкіметтің мәжбүрлеу әлеуеті мен оның шын мәніндегі беделінің нақты арақатынасы мемлекеттің кәсібилігінің өлшемі болмақ: Мемлекет билігі өзінің шешімдері мен әрекеттерінде жеке адамның өзекті мұқтаждары мен заңды мүдделерін қанағаттандырудың тарихи қажеттілігін неғұрлым үлкен түсіністікпен алып жүрсе, соғұрлым әлеуметтік шиеленісті бәсеңдете отырып, құқықтық мемлекетке қарай бір қадам болса да ілгері жылжи түседі.
Өткен жылдар ішінде республика Конституциясының әлеуеті қоғам мүддесі мен мемлекет мүмкіншіліктеріне сайма-сай ашыла түсті.
Бүгінде Қазақстан экономикасы мемлекеттік және жеке меншікті тануы және олардың теңдігі, кәсіпкерлік еркіндігі, қоғам игілігіне арналған мүлікті пайдалану сынды конституциялық ұстанымдарға сәйкес дамуда.
«Біздің Ата заңымыз мемлекеттің бәсекелестікті қолдауға, кәсіпкерліктің тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасауға, монополистік қызмет пен жосықсыз бәсекенің алдын алып, жолын кесуге міндеттейді», - деді Конституциялық кеңес мүшесі.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік мемлекет екендігін жариялай отырып, Конституция елімізде еңбек бостандығы құқығы кепілдендірілетіндігін, неке мен отбасын, ана мен әкені, баланы мемлекеттік қорғау қамтамасыз етілетіндігін, азаматтардың денсаулығы қорғалатындығын тікелей нұсқайды.
Әлеуметтік сала кезең-кезеңімен жаңғыртылу үстінде. Медициналық қызмет көрсету мен білім беруді жақсарту, тұрғын үй құрылысын жандандыру, жалақы мен әлеуметтік төлемдер көлемін арттыру, азаматтар мен шаруашылық субъектілеріне салық ауыртпалығын төмендету сынды әлеуметтік мәселелер шешілуде.
Құқық қорғау және сот жүйесін жаңғырту ісі де жалғасуда. Құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға және бұл саладағы адамдардың құқығы мен бостандығының конституциялық кепілдігін нығайтуға басымдық берілуде.
Құқық қорғау жүйесін реформалау аясында шетелдік үздік тәжірибе мен халықаралық стандарттарды ескере отырып, құқық қорғау органдары қызметінің жаңа құқықтық негізі қалыптастырылуда. Атап айтқанда, қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстері жаңа редакцияларының жобалары әзірлену үстінде. Аталған заңнамалық актілерді қабылдау қылмыстық заңнаманың басым бөлігін ырықтандыруға, сонымен қатар процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарының сақталуын әрі сақталу кепілін арттыру барысында сот өндірісін жеделдетуге және жеңілдетуге жол ашады.
Қазақстан азаматтары мен ұйымдарының құқығын, бостандығын және заңды мүдделерін қорғау сот билігінің бірден-бір міндет-борышы. Бұл - конституциялық норма, ол мүлтіксіз орындалуы тиіс.
Мемлекет басшысы бұл жайында республика судьяларының V съезінде де баса айтқан-ды. Елбасы халықтың соттарға сенімін арттыруы туралы да атап өткен еді. Дегенмен, біздің азаматтар тарапынан сотқа деген сенім - сот әділ шешім шығаруда тәуелсіз әрі тек қана Конституция мен заңға ғана бағынғанда орын алатындығы айқын.
Ата заңды ойдағыдай жүзеге асыруда, бүкіл республика аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуде Конституциялық кеңеске маңызды рөл берілген.
Конституция ел заңнамасының дамуы үшін барған сайын кең кеңістік аша түсуде. Осыған орай, Мемлекет басшысы - Ұлт көшбасшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында жария етілгендей, ұлттық құқықтың барлық базалық салаларында оның сапасын арттыру және ұлттық құқық жүйесінің бәсекелестігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау міндеті алға қойылды.
Бүгінгі таңда елдің құқықтық базасы құқық қорғау жүйесін реформалауға, қылмыспен және жемқорлықпен күресті күшейтуге бағытталған заңдармен толыға түсті. Қаржылық және экономикалық қарым-қатынастарды реттейтін заңнамалар жетілдірілді. Азаматтардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, табиғи ресустарды тиімді пайдалану үшін заңнамалық негіз қалыптасты. Заңдардың басым топтамасы азаматтардың жекелеген санаттарын қолдауға және халықты кепілдендірілген әлеуметтік көмек көлемімен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Халықтың конституциялық құқықтық сана-сезімінің деңгейін мемлекеттік қызметшілердің лайықты құқықтық мәдениетінсіз көтеру мүмкін емес. Олардың Қазақстан адамдары мен азаматтарының конституциялық құқығы мен бостандығын білуі әрі құрметтеуі - Конституция талабы.
Сонымен қатар, Конституцияны ұқыптылықпен қарау және құрметтеу, оның қағидаларын қатаң сақтау, заңдылықты сақтау және құқықтық сана-сезімді арттыру - қоғамның әрбір мүшесінің азаматтық борышы. Өйткені бұл мемлекетті нығайту, отансүйгіштікке тәрбиелеу мен әлеуметтік оптимизм негіздерінде қоғамның топтаса түсуіне мүмкіндік ашып, жәрдемдеседі», - деді ол.