Конституцияның қысқа мәтіндерінде терең философия бар
АНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев / - Тамыздың 30-ы еліміздегі айтулы мерекелердің бірі - Конституция күні. Биыл «Қазақстан Республикасының Мерекелер туралы заңына өзгерістер енгізу туралы» қабылданған жаңа заң талаптарына сәйкес, Конституция күнін алғаш рет ұлттық мереке ретінде атап өтпекпіз. Ата заңымыздың басты құндылықтары мен ерекше қасиеттері жөнінде Конституциялық кеңес мүшесі Ілияс Бақтыбаев мырза әңгімелеп берген еді. Мереке қарсаңында осы сұхбатты біз ҚазАқпарат оқырмандарының назарына ұсынамыз.
-Ілияс Жақыпбекұлы, «Қазақстан Республикасының «Мерекелер туралы заңына өзгерістер енгізу туралы» қабылданған жаңа заң талаптарына сәйкес, Конституция күнін биыл біз ұлттық мереке ретінде атап өтпекпіз. Осы мәселеге қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?
-Бұл күнді алғаш рет ұлттық мереке ретінде атап өтеміз деу, меніңше, дұрыс емес. Өйткені Конституция күнінің ұлттық мереке деген мәртебесі бұрыннан бар. Ол тиісті заңда «тайға таңба басқандай» көрсетілген. Бұл жағынан алғанда мерекеге қатысты ешқандай да жаңалық жоқ. Ал осы мерекенің мәртебесін көтеру жағынан, оның ұйымдастырылуы мен мерекеге қатысты үгіт-насихат шаралары бойынша үлкен өзгерістер бар деуге болады. Айталық, Астанадағы алаңда үлкен әскери шеру өтеді, үлкен конференциялар мен жиындар ұйымдастырылмақ. Осының барлығы да Конституция күні мерекесінің мәртебесін көтеруге байланысты ұйымдастырылып отырған шаралар. Бұл Ата заңымызға деген сый-құрметтің көрінісі және ол өте орынды дер едім. Өйткені мемлекеттің ең басты құндылығы, мемлекеттің іргетасы оның Конституциясы. Еліміздегі болып жатқан құбылыстардың барлығын реттеп отыратын заңнамалар мен еліміздің жалпы құқықтық жүйесі осы Конституцияға негізделген. Яғни бұл Қазақстанның басты құндылықтарының бірі. Сонымен қатар ол азаматтарының құқықтарын белгілеп, соны қорғауды қарастыратын бірден-бір тетік.
Конституция азаматтардың құқықтарын қалай сақтау керектігін қарастырады. Осы орайда айта кететін мәселе қазіргі қолданыстағы Конституция азаматтардың жеке басының құқықтары мен мәртебесіне көңіл бөлу жағынан келгенде бұрынғы Конституциялармен салыстыруға келмейді. Сондықтан да біз оны қадірлеп, қастерлей білуіміз керек. Конституция - мемлекеттік рәміздермен қатар тұратын құндылықтар. Оны тек құрметтеп қана қоймай, еліміздің әрбір азаматы, әрбір тұрғыны Конституцияның талаптарын мүмкіндігінше жетік білгені дұрыс. Конституция дегеніміз не, оның өзге заңдардан айырмашылығы қандай деген мәселелерді мектеп жасындағы бала да білуі керек. Оны түсіне біліп, өзгелерге насихаттау өз алдына. Біз оны мереке күні ғана еске алып қоймай, өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналдыра білуіміз керек. Сонда ғана біз мемлекетіміздің құндылығын, оның ерекшелігін бағалап, еліміздің халықаралық деңгейдегі талаптарға сай болуын қамтамасыз ете аламыз. Осы тұрғыдан алғанда Конституция күнінің ұлттық мереке ретіндегі мәртебесінің көтерілуі өте орынды деуге болады.
-Биыл Ата заңымыздың қабылданғанына 14 жыл толады. Осы уақыт аралығында ол адам құқықтары мен демократия ұстанымдарына жауап беретін құжатқа айналды деп толық сеніммен айта аламыз ба?
-Қазақстан Конституциясы 1995 жылдың тамыз айының 30-ында республикалық бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Осы қысқа ғана мерзім ішінде ол республика халқының өсіп-өркендеуіне, өзгеруіне нарықтық экономиканың қалыптасып дамуына зор үлесін қосты. Тәуелсіз еліміз осы құжат негізінде жаңа қоғам қалыптастырып, мемлекетімізде жаңа, тың құрылымдар пайда болды. Айталық бір палаталы Жоғарғы кеңестің орнына заң жобалары қабылданбас бұрын оның жан-жақты қарастырылып, саралануына мүмкіндік беретін қос палаталы Парламент құрылды. Одан соң Президент алдында жауап беретін, Парламентке есеп беретін Үкіметтің жаңа құрылымы қалыптасты. Қазір Конституция талаптары бойынша мемлекеттік биліктің әр саласы өз өкілеттіктері бойынша өздеріне міндеттелген істермен ғана шұғылдануда. Ең бастысы, елімізде тұлғаның конституциялық мәртебесі нығайтылды.
Ата заңымыздың негізінде қабылданған заңнамалар арқылы Қазақстанда демократиялық институттар және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін қорғау тетіктерінің іргетасы қаланды. Конституцияның бірінші бабына сәйкес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Конституцияның бұл ережесі еліміз үшін оның азаматтарының қашанда басты құндылығы болып қала беретінін айғақтайды. Конституция еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін арттырып, мемлекеттегі қоғамдық қатынастарды жетілдіруге жол ашты. Нақтырақ айтар болсақ, Конституция негізінде ең алдымен демократиялық ұстанымдағы ұлттық заңнама жүйесі қалыптасты. Бұл іске әрине 1995 жылы қабылданған Елбасының заңдық күші бар жарлықтары демеу болды. Онда Президент бір жыл ішінде 130-дан астам заң қабылдаған болатын. Оның ішінде нарықтық экономиканың жекелеген салаларын дамытуға үлес қосқан, жекешелендіру туралы, мұнай туралы, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы, жер туралы және басқа да заңдық күштегі жарлықтар бар.
Тағы бір айта кетер мәселе, елімізде Конституцияның үстемдігін қорғайтын тікелей орган - Конституциялық кеңес құрылды. Қазақстан Республикасындағы адамдардың құқықтары бойынша уәкіл институты қалыптасты. Жаңа қарқынмен соттар, прокуратура органдары және өзге де құқық қорғау органдары қызмет етуде. Республикада сонымен қатар алқабилер институты қалыптасып, адвокатураның мерей өсті. Мұндай мысалдарды тізе берсек жетерлік.
Қорыта айтқанда, қазір Ата заңымыздың адам құқықтары мен демократия ұстанымдарына толық жауап бере алатындығына күмән келтіру дұрыс емес. Мәселе Конституцияда бекітілген құндылықтарды мемлекеттің өзі, оның органдары мен қоғамдық институттары және қоғамның әрбір мүшесі күнделікті өмірде дұрыс қолданып, оның талаптарының бұзылмауын қамтамасыз ете алады ма деген сұраққа келіп тіреледі.
-Ата заңымыздағы ең басты құндылықтар деп нені айтуға болады?
-Конституция біртұтас Қазақстан халқы қалыптастыратын ұстанымдарды анықтайды. Конституция баршаға мәлім адами құндылықтар мен халықаралық құжаттар негізінде көптеген маңызды мәселелерді қарастырады. Ал бұл құндылықтарды құқықтық, әлеуметтік тұрғыдан алып бірнеше салаға жіктеуге болады.
Конституцияның кіріспесіне назар аударайықшы. Онда Қазақстан Республикасының құрылуына берілген тарихи сараптама бар. Мысалы Ата заңның кіріспесінде «біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершіліктерімізді сезіне отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп бекітілген. Бұл жолдар Қазақстан Республикасы қазақ халқының кіндік қаны тамған жерде қалыптасып отырған үлкен тарихы бар мемлекет, еліміздің аумағындағы барлық ұлттар мен ұлыстар тарихи тағдырлас, бір халық, біздің туымыз татулық, еркіндік, теңдік дегенді білдіреді. Осындай қысқа ғана жолдардың ішінде терең философиялық мәні бар сөздер жатқанын ұға білгеніміз жөн болар еді.
Жалпы Конституцияда орын алған адами құндылықтарды жалпылама түрде былайша топтауға болады: тұлғаның табиғи құндылығы, (өмір сүру құқығы, әркімнің жеке басының бостандығы, еркін жүріп-тұру құқығы және т.б.) мемлекет тарапынан танылған құндылықтар, оның ішінде адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі, дискриминацияға тыйым салу, меншікке қол сұқпау, көзқарастар плюрализмі, адам құқықтары мен бостандықтарының ажырамайтындығы, халық егемендігі және басқалар. Ата заңымыздың үстемдігі, оның заңдардан жоғары тұруы, қоғамда күштің заңы емес, заң күшінің билік етуін білдіреді. Бұл қағида бүгін Қазақстанның табысты дамуының бірінші кепілі.
Конституция татулық пен саяси тұрақтылықты, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуды, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруды, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте шешуді бекітеді.
-Соңғы уақытта еліміздің заңгер мамандары Ата заңымыздың өзге мемлекеттерге үлгі болып отырғандығы жайында жиі айтатын болды. Бұл турасында сіз не дер едіңіз?
-Әрине тәуелсіз ел болғалы бері басқа мемлекеттерге үлгі боларлықтай үлкен жетістіктерге жетудеміз. Осы тұрғыдан алғанда Конституцияның да үлгі болуы негізсіз емес. Өйткені ол дүниежүзілік стандарттарға сай дайындалған дүние. Оған шетелдіктер де өз бағаларын берді. Конституцияның 10 жылдығына орай өткен мерейтойдың қонағы, Францияның Конституциялық кеңесінің төрағасы Пьер Мазо «президенттік басқарудың қазақстандық үлгісі демократияның дамуын толық қамтамасыз ете алатынын, ал Франциядағы басқарудың аралас формасы кей кезде өзара кикілжіңдер тудыратындығын атап отырып: «Демократияның көне дәстүрлері бар ел Қазақстаннан көп нәрсе үйрене алады» -деген болатын. Ал Ресейдің мемлекеттік қайраткелерінің бірі Анатолий Чубайстың «егер тез арада Ресей Федерациясы дамыған либералды демократиялық мемлекетке айналмаса, оның орнын Қазақстан басады» деген ішкі күдігін жайып салған кезі де болды.
Жалпы Қазақстан Республикасының көркеюі мен дамуы тұрғысынан алып қарасақ, бүкіл әлемге болашағы зор мемлекет ретінде танылуда. Өйткені аз ғана уақыт ішінде еліміздің саяси, демократиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесі бүкіл әлемге әйгілі болды. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ететіндігі осы сөзіміздің жарқын дәлелі.
-Конституциямыз қабылданғаннан кейінгі жылдар ішінде оған бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Жақын болашақта оған тағы өзгеріс енгізілуі мүмкін бе?
-Қазақстан Республикасы Конституциясына екі рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 1998 жылы қазан айының 7-інде енгізілген алғашқы толықтырулар мен өзгерістер Парламенттің қабылдауымен мемлекеттік билік жүйесіндегі жоғары өкілдік органның жаңа рөлін белгіледі. Парламент палаталары депутаттарының өкілеттік мерзімдері 4 жылдан Сенат депутатары үшін 6 жылға, Мәжіліс депутаттары үшін 5 жылға ұзартылды. Алғаш рет пропорционалдық жүйе бойынша Мәжілістің 10 депутаты сайланатын болды. Алқабилер институтына қатысты толықтырулар енгізілді. Ал 2007 жылдың мамыр айының 21-інде мемлекет пен қоғамдық дамумен іргелес, Мемлекет басшысының бастамасымен конституциялық реформа жүргізілді. Оған сәйкес басты заңға елеулі өзгерістер енгізілді. Конституциялық жаңалықтар қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігіп кетуіне және қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға салынатын тыйым алып тасталды. Өлім жазасын қолдану ауқымы шектеліп, тек соттың ғана рұқсатымен тұтқындау және қамауда ұстау қарастырылды.
Конституцияға Президент сайланатын мерзімді, Парламент өкілеттігін, депутаттар санын, оларды сайлау тәртібін және өкілеттігін тоқтату негіздерін, Үкіметті, конституциялық және басқа да кейбір мемлекеттік органдарды құру рәсімдерін өзгертетін түзетулер енгізілді. Негізгі заңның сот және құқық қорғау жүйелерінің, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару қызметін регламенттейтін басқа да нормалар өзгертілді.
Конституциялық реформа негізгі қоғамдық-саяси институттар мен олардың даму келешегін түсінудегі жаңа тұжырымдамалық көзқарастарды айқындап берді. Конституцияға енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар, өзара байланыса келе, мемлекеттік биліктің мақсатын, мемлекет функциясының жаңаша мазмұнын түсіндіруге, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың өзара қарым-қатынасы ұстанымдарын айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысып, ұдайы өзгеріп отыратын қоғамдық-қатынастармен пара-пар заң нормаларын белгілеуге жағдай жасайды.
-Елдегі Конституция талаптарының орындалу деңгейіне көңіліңіз толады ма?
Кеңес заманынан бастап ондаған жылдар бойы прокуратурада қызмет еттім. Судья болып та істедім. Енді міне Конституциялық кеңесте қызмет етудемін. Осы жылдар аралығында түрлі жағдайлармен кездестім. Соларды зерделей келгенде айтарым: құқықшығармашылығы, оның ішінде заң шығармашылығы саласында және құқық қолдану саласында толығымен «идилия» (ешқандай мінсіз және керемет) болды десем ешкім де сенбесі анық. Себебі Конституция тірі организм сияқты әрқашан дамып, ойдан ой тудыратын, мақсаттан-мақсатқа итермелеп отыратын дүние. Заңды жазатын да, оны қолданатын да адамдар. Шикіліктер болып тұратыны рас. Атап айтар болсақ жақында Конституциялық кеңес «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңды қарап, оны Конституцияға сай деп тапты. Бірақ кеңес өкілдері Үкіметтің және өзге де мемлекеттік органдардың назарын заңда орын алған, адам құқықтарының бұзылуына келіп соғуы мүмкін бірнеше олқылықтарға аударды.