Конституция жобасында тұрғын үйге қолсұғылмаушылық кепілдіктері күшейтілді - Нұрмұханов
АСТАНА. KAZINFORM – Конституция жобасының 28-бабы 1-тармағына сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйден шығаруға да жол берілмейтіні туралы толықтыру енгізіледі. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның ХІІ отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты.
- Жаңа Конституция жобасы бойынша Конституциялық комиссияға түрлі ұсыныстар келіп жатыр. Азаматтар, қоғам қайраткерлері, құқықтанушылар мен ұйымдар, комиссия мүшелері жекелеген мәселелерге назар аударып отыр. Оларды зерделеу аясында жобаға қосымша нормалар енгізілді. Бірінші, Конституциялық комиссияға тұрғын үйге қолсұғылмаушылық кепілдіктерін күшейту туралы ұсыныстар түсті. Бұл мәселе жайлы кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да айтты, - деді ол.
Оның айтуынша, комиссия мүшелері бұл тақырып бойынша заңнаманы және халықарлық актілерді мұқият зерделеді.
- Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 12-бабына сәйкес, «ешкім де өз үйінің қолсұғылмаушылығына, өзгелердің озбырлықпен нұқсан келтіруіне ұшырамауға тиіс. Әр адамның осындай заңасыз араласудан немесе нұқсан келтірулерден заң арқылы қорғалуға құқықы бар». Қазақстан ратификациялаған Азаматтық және саяси құқық туралы пактіде «әрбір адам жеке және отбасылық өміріне өзгелердің өз бетінше заңсыз араласуынан, озбырлық жасап, баспанасының қолсұғылмаушылығына нұқсан келтірілуден қорғалуы тиіс» делінген, - деді Конституциялық сот төрағасы орынбасары.
Бақыт Нұрмұханов Конституциялық сот өзінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі нормативтік қаулысында тұрғын үй адамның және оның отбасы мүшелерінің өмір сүру конституциялық құқығын іске асыру үшін аса маңызды екенін атап өткенін еске салды. Ол мүліктің ерекше түрі ретінде Конституцияда айрықша қорғауға ие екенін атап өтті.
- Қазақстан Республикасында тұрғын үйге қолсұғылмаушылық бекітіліп, оны тек сот арқылы құқықтық қорғауға кепілдік беріледі. Қорытындылай келе, 28-баптың 1-тармағында сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйден шығаруға да жол берілмейтіні туралы толықтыру көзделді, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Бұған дейін Конституциялық комиссияға жаңа Конституция жобасы бойынша 10 мыңнан астам өтініш түскенін жазған едік.