Конституцияда адвокатураның мәртебесін бекіту азаматтарға сенім ұялатады — адвокат

АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында жаңа Конституцияда адвокатураның жеке институт ретінде мәртебесі бекітілуінің маңызын түсіндірді.

а
Фото: Видеодан скрин

— Адвокатураны конституциялық деңгейге көтеру жалпы адвокатура қауымдастығының тілегі болатын. Елімізде кез келген заң, басқа да нормалар, шешімдер қабылданғанда, ең бірінші сүйенетін құжатымыз — Конституция. Егер Ата заңда адвокатура дербес институт ретінде бекітіліп, оның құқықтары да белгіленіп тұрса, Құрылтай әртүрлі заңдарды қабылдау барысында адвокатураның да рөлі айқындала түседі, ескеріледі. Себебі, ол енді — жай қоғамдық бірлестік емес, азаматтардың құқығын қорғайтын, конституциялық деңгейде мәртебесі бекітілген, мемлекет өзі маңыз беріп отырған институт. Заңдар осы бағытта жазылуы тиіс, — деді ол.

Сонымен қатар, Мәди Мырзағараев адвокатураның конституциялық мәртебесін бекіту азаматтардың құқығын қорғауға тікелей әсер ететінін атап өтті.

— Басына іс түскен, қиын жағдайға тап болған кез келген адам бірінші кезекте заңгерге, адвокатқа барады. Ол дұрыс ойын, үнін жеткізе алмайтындықтан, адвокат мемлекеттік орган мен азаматтың арасындағы алтын көпірге айналады. Ал адвокаттың құқығы, мүмкіндігі шектеулі болса, азаматтың да құқығы шектелер еді. Сондықтан адвокаттың мәртебесін, рөлін көтерсе, азаматтың да «менің құқығымды осы адвокат қорғайды» деген үміті, сенімі пайда болады. Аталған норманың керек себебі — сол, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жаңа Конституцияға арналған ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылғанын жазғанбыз.