Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Конституциялық реформа азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтеді – АҚШ сарапшылары

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы конституциялық реформалар азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейтіп, халықтың ел дамуына ықпал ету мүмкіндігін арттырады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісіне АҚШ сарапшылары мәлімдеді.

Ральф Винни и Уайлдер Алехандро Санчес
Фото: Рустем Кожыбаев / Kazinform

The America-Eurasia Center ұйымының вице-президенті Ральф Виннидің пікірінше, реформалар азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтуімен ерекшеленеді.

– Қазақстандағы конституциялық реформалардың маңызы зор, себебі бұл өзгерістер биліктің едәуір бөлігін халықтың қолына беруге бағытталған. Азаматтарға елдің даму бағытын, болашағын және мемлекеттік басқару жүйесінің қалай жұмыс істеуі керектігін айқындауға мүмкіндік береді, – деді сарапшы.

Ол сондай-ақ Конституциялық соттың құрылуына ерекше тоқталды. Ральф Виннидің айтуынша, бұл институт азаматтар мен инвесторлардың құқықтары қорғалатын ашық әрі әділетті құқықтық жүйені қалыптастыруға ықпал етеді.

– Қазақстанда бизнес бастауды жоспарлаған кез келген инвестор елдегі заң үстемдігіне және тұрақты құқықтық ортаға сенімді болуы керек. Ашықтық, есептілік және заң үстемдігі – экономикалық дамудың негізгі факторлары. Қазақстан конституциялық референдум арқылы осы қағидаттарды нығайтты, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, конституциялық реформалар Қазақстанның халықаралық аренадағы ашықтығын көрсетіп, инвестиция тартуға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ральф Винни Қазақстанның бір палаталы парламент жүйесіне көшуін де жоғары бағалады.

– Бұл азаматтардың өкілдігін арттырып, Қазақстанның ашықтық пен транспаренттілік бағытындағы ілгерілеуіне серпін береді. Жаңа Конституция халықтың ел болашағына қатысты шешімдерге ықпал ету мүмкіндігін арттырады, – деді ол.

Ал Second Floor Strategies консалтингтік компаниясының президенті Уайлдер Алехандро Санчес жаңа Конституцияда вице-президент лауазымының енгізілуін оң өзгерістердің бірі деп атап өтті.

– Меніңше, жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі – вице-президент қызметінің енгізілуі. Бұл Қазақстанның халықаралық байланыстарын дамытуға, оның ішінде Вашингтонмен саяси диалогты нығайтуға қосымша мүмкіндік береді, – деді ол.

Сарапшы Қазақстанның жоғары деңгейдегі делегацияларымен бірнеше рет кездесулер өткізгенін айтып, жаңа лауазымның пайда болуы саяси байланыстарды кеңейтіп, өзара ресми сапарларды жиілету арқылы екіжақты қарым-қатынастың дамуына жаңа серпін беретінін жеткізді.

Халық кеңесі туралы сөз қозғаған Уайлдер Алехандро Санчес бұл құрылымның қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді байланыс тетігіне айналу әлеуеті бар екенін айтты.

– Халық кеңесі Президент пен Құрылтайға жүзеге асырылып жатқан бастамалар мен жобалардың тиімділігі, олардың халық игілігіне қаншалықты қызмет етіп жатқаны туралы ақпарат беретін тиімді тетік бола алады, – деді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшы жаңа институттың табысты жұмыс істеуі оның әртүрлі пікірлер мен көзқарастарды қаншалықты ескеретініне байланысты екенін атап өтті.

Санчестің айтуынша, Қазақстан жаңа конституциялық модель арқылы ашық пікірталасқа, қоғамдық пікірді ескеруге және мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде түрлі көзқарастардың ескерілуіне жағдай жасай алатынын көрсетуі маңызды.

Еске сала кетейік, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді.