Конституциялық реформа бәрінен бұрын адамға бағытталған — Марат Бәшімов
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жаңа Конституцияның қабылдануы қоғамдық қарым-қатынастағы, мемлекеттік басқару жүйесіндегі және азаматтардың құқығын қорғау бағытындағы сапалы өзгерістердің бастауы болғалы тұр. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, мемлекет қайраткері Марат Бәшімов осылай пікір білдірді.
— Жаңа Конституция өмірде жүзеге асырылуы тиіс жаңа принциптер мен ережелерді бекітеді. Қазақстандықтар бұл өзгерістерді Конституция әрбір адамның құқығына тікелей әсер ететіндіктен асыға күтеді. Ол жеке, цифрлық, әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқығын қорғау тетіктерін күшейтеді. Әсіресе, адамның жеке қауіпсіздігіне, адам өміріне еркінен тыс араласудан қорғауға жіті көңіл бөлінеді, — деді Марат Бәшімов.
Ол басты заңның күшіне енуімен бірге институционалды реформалар жұмыс істей бастағанын атап өтті.
— Ендігі заң шығару билігі Құрылтайда. Бұл заңдардың тезірек қабылданып, сапалы әрі кәсіби болуына бағытталған. Кәсіби Парламент құрылады, мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі өзгереді. Құрылтайдың заң шығарудағы рөлі мейлінше артады, — деді ол.
Бәшімовтің сөзінше, жаңа Конституция сондай-ақ атқарушы биліктің қызметіндегі парламенттік бақылауды күшейтеді.
— Мына нәрсеге баса мән беруіміз керек, Конституцияда алғаш рет депутаттардың үштен екісі министрдің жұмысын тиімсіз деп бағалап, Президентке ұсыныс жолдаса, Мемлекет басшысы министрді орнынан босату туралы шешім қабылдай алатын норма пайда болды. Бұл әрбір министр халық алдындағы жауапкершілікті терең түсініп, заңдардың орындалуы үшін барынша тиімді жұмыс істеуге күш салатынын көрсетеді, — деді Марат Бәшімов.
Ол жаңа конституциялық үлгі бүгінгі заманның сын-тегеуріндеріне сай келетінін, бәрінен бұрын азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталғанын айтты.
— Қазіргі заманның қажеттілігіне және ескертуіне жауап беретін конституциялық реформа жасалды. Реформаның басты мақсаты — адамдардың өмір сапасын арттыру, олардың құқығын қорғау және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, — деді ол.
Бұған дейін Марат Бәшімов саяси реформаның басты міндеті — азаматтардың конституциялық құқығы шынайы қорғауды қамтамасыз ету екенін айтқан болатын.