Конституциялық реформа Қазақстанның саяси жаңаруына жол ашады — британдық сарапшылар

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания ғалымдары Қазақстанның жаңа Конституциясын елдің саяси жүйесін дамытудағы маңызды қадам деп есептейді. Алайда реформалардың нәтижелі болуы алдағы уақытта олардың қалай іске асырылатынына байланысты болады. Бұл туралы Лондондағы Линкольн университетінің профессоры Рико Айзекс пен Стаффордшир университетінің доценті Алун Томас Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

Конституциялық реформа Қазақстанның саяси жаңаруына жол ашады — британдық сарапшылар
Коллаж: Kazinform

Конституциялық реформа – ұзақ мерзімді жаңғырудың бір бөлігі

Линкольн университетінің халықаралық саясат профессоры Рико Айзекс жаңа Конституцияның қабылдануын ауқымды саяси оқиға ретінде қарастырады.

— Жаңа Конституцияның қабылдануы маңызды саяси мәнге ие. Конституциялар саяси жүйенің ережелерін ресми айқындайды, сондықтан мұндай ауқымды өзгерістердің шынымен де маңызы зор. Олар мемлекеттің өз институттары мен биліктің әртүрлі тармақтары арасындағы қарым қатынастың сипаты туралы түсінігін көрсетеді, — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар зерттеуші конституциялық реформаның өзі саяси жаңғырудың кең үдерісінің бір бөлігі ғана екеніне назар аударады. Оның айтуынша, жаңа институционалдық механизмдердің іс жүзінде жұмыс істеуі шешуші факторға айналады.

— Түптеп келгенде бұл реформалардың табысты болуы олардың іс жүзінде мемлекеттік институттарды нығайта алуына, биліктің есеп беру деңгейін және саяси жүйеге деген халықтың сенімін арттыруына байланысты болады. Реформалардың маңызын Конституцияның мәтіні емес, оның іс жүзінде орындалуы айқындайды, — деді профессор.

Осы ойын жалғастыра отырып Рико Айзекс реформаларды бір реттік бетбұрыс ретінде емес, мемлекеттік институттарды дамытудың жүйелі жұмысының бір бөлігі ретінде қарастыру керек екенін баса айтты.

Оның бағалауынша Конституцияда бекітілген өзгерістер Президент, Парламент және басқа да мемлекеттік институттар арасындағы өзара қарым қатынасын қайта реттеуге бағытталған деп есептейді.

Сарапшының сөзінше, жаңа өкілеттіктердің қаншалықты маңызды екенін алдағы уақытта парламент, сот жүйесі және басқа да мемлекеттік органдардың жұмысы көрсетеді. Олар өз міндетін тиімді атқара ала ма, жоқ па — осы үдеріске Қазақстанның ішінде де, сыртында да көз тігіп отырғандар көп.

Саяси мәдениет, цифрландыру және өңірлік ынтымақтастық

Стаффордшир университетінің Еуразиялық зерттеулер кафедрасының доценті Алун Томас реформаның реформаның ең үлкен нәтижесі тек ауқымды құрылымдық өзгерістермен шектелмей, саяси және қоғамдық мәдениеттің терең жаңаруына жол ашады деп санайды.

— Қазақстан Конституциясындағы үлкен құрылымдық өзгерістердің жұрт назарын аударатыны сөзсіз, дегенмен уақыт өте келе саяси және қоғамдық мәдениетте пайда болатын елеусіз ғана өзгерістердің ықпалы әлдеқайда күшті болуы мүмкін, — дейді сарапшы.

Оның айтуынша қазіргі мемлекеттік басқару мен қоғамдық қарым қатынас барған сайын цифрлық ортаға ауысып келеді. Қазақстан да басқа көптеген мемлекеттер сияқты цифрлық кеңістікті реттеудің заманауи тетіктерін құру қажеттілігімен бетпе бет келіп отыр. Мұнда ел ішіндегі даму ерекшелігі де, әлемдегі жалпы үрдіс те қатар көрініс тапқан.

Алун Томас реформалардың аймақтағы өзара ынтымақтастыққа қалай әсер ететінін де бөлек атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанның мемлекеттік институттарының бұдан былайғы даму жолы Орталық Азия елдерінің бірлесіп жұмыс істеу жүйесін нығайтумен бір уақытта жүзеге асады.

— Бұл реформалардың Орталық Азияда қалыптасып келе жатқан аймақтық жүйеге қалай ықпал ететіні үлкен қызығушылық тудырады. Шындығына келгенде 1991 жылдан бері Орталық Азияның бес республикасы аймақтық және шекарааралық түйткілдерді шешуде алғашқыда болжанғандай тығыз жұмыс істей алған жоқ. Бірақ соңғы жылдары, әсіресе COVID-19 пандемиясынан кейін бұл бағыттағы ахуал айтарлықтай өзгерді, — деді Алун Томас.

Қазақстан халықаралық назарда

Реформаны аймақтық тұрғыда бағалай келе, британдық зерттеушілердің екеуі де Қазақстан жүйелі өзгерістерге бағытталған мемлекет ретіндегі беделін сақтап келеді деген пікірде тоғысады. Сонымен бірге сарапшылардың әрқайсысы оның әртүрлі тұстарына басымдық береді.

Алун Томас бірінші кезекте жаңа Конституция арқылы мемлекеттің құбылмалы халықаралық және экономикалық ахуалға тез икемделе алатынына басымдық беріп отыр. Оның айтуынша, Қазақстан аймақтағы өзге мемлекеттер сияқты Кеңес үкіметі тарағаннан кейін ескі басқару жүйесінің көптеген белгілерін сақтап қалған еді, бірақ Қазақстан көптеген мәселеде реформа жасауға келгенде бәрінен де табанды және ұйымшыл екенін көрсете білді.

Сарапшының айтуынша, қазір тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемдік жүйенің өзі өзгеріске ұшырап жатыр. Егер жаңа Конституция елге тұрақсыз экономикалық қиындықтарға қарсы тұруға септігін тигізсе, онда бұл құжаттың басты құндылығы мемлекеттің жаңа жағдайларға тез бейімделіп көмектескенінде болмақ.

Өз кезегінде Рико Айзекс Қазақстандағы қазіргі өзгерістердің көрші елдер мен сыртқы серіктестердің назарында болуын заңдылық деп санайды.

— Қазақстан бұрыннан Орталық Азиядағы өзгерістерге ең ашық мемлекет ретінде танымал, ал бұл конституциялық реформа елдің сол абыройын асқақтата түспек. Қазақстанның аймақтағы экономикалық және саяси салмағы зор болғандықтан, елде болып жатқан бұл жаңалықтарды көрші елдер де, сырт көз де үнемі қалт жібермей бақылап отырады, — деді Айзекс.

Профессордың пайымдауында бұл реформа Қазақстанның мемлекеттік жүйені ілгерілетуге барынша ынталы екенін аңғартады, десе де елдің халықаралық деңгейдегі абыройы тек жаңа Ата заңның қабылдануымен өлшенбейді, бәрі оның іс жүзінде қалай орындалатынына тікелей байланысты.

— Жаһандық деңгейде бұл конституциялық реформа Қазақстанның мемлекеттік органдарды жаңартуға және құқықтық өзгерістерге дайын екендігінің көрінісі ретінде бағаланады. Бірақ кез келген мемлекетке деген көзқарас тек қағаздағы заңдардың мәтінімен ғана қалыптаспайды. Ол ең алдымен реформалардың күнделікті өмірде қалай көрініс табатынына және бұл институционалдық өзгерістердің саяси үдерістердің бір бөлігіне айнала алуына байланысты болады, — деп түйіндеді профессор Айзекс.

Айта кетейік, бұған дейін, Брюссельде еліміздің жаңа Конституциясы таныстырылғанын жазған едік.