Контейнерлік пойыздардың тразиттік декларацияларын рәсімдеу 30 минутқа қысқарды
АСТАНА. KAZINFORM – Кедендік әкімшілендіруді цифрландыруда бірыңғай Keden платформасына көшу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
– Қаржы министрлігі көлік-транзит саласын дамыту аясында кедендік әкімшілендіруді цифрландыру мен өткізу пункттерін жаңғырту бойынша кешенді жұмыс атқаруда. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталып, шекарада ашық және өнімділігі жоғары жүйені қалыптастырады, - деді ол.
Министрдің айтуынша, кедендік әкімшілендіруді цифрландыруда бірыңғай Keden платформасына көшу жұмыстары аяқталып жатыр. Ол қолданыстағы үш жүйенің орнына негізгі рәсімдерді автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Кедендік транзит, интеграцияланған бақылау және алдын-ала хабарлау сияқты 20 модульдің 16-сы қосылды.
Оның ішінде:
– транзиттік декларациялардың едәуір бөлігі автоматты түрге шығарылды;
– рәсімдеу уақыты қысқартылды, мысалы, транзит — 30 минуттан 10 минутқа дейін, контейнерлік пойыз — 3 сағаттан 30 минутқа дейін;
– «бір терезе» қағидаты бойынша Ауыл шаруашылығы, Денсаудық сақтау және Көлік министрліктерінің қызмет түрлері интеграцияланды;
– электрондық кезек ретке келтірілді: дұрыс емес брондау жойылды, VIN-кодтар бойынша бақылау күшейтілді, тез бұзылатын тауарларға, қауіпті жүктер мен жануарларға, сондай-ақ еліміздің экспорты үшін жекелеген слоттар бөлінді;
– сервистер төрт тілге аударылды және «WeChat» мессенджерімен интеграцияланды;
– Қытай және Өзбекстанмен цифрлық өзара іс-қимылды дамыту жұмыстары жүргізілді, оның ішінде инспекциялық тексеріп-қарау суреттерін өзара тану және «жіксіз транзит» элементтерін енгізу жұмыстары атқарылды;
– инспекциялық тексеріп-қарау суреттерін автоматты түрде талдау және сәйкес келмейтіндерді айқындау үшін, жасанды интеллект элементтері енгізілді.
– Бұл рәсімдердің тиімділігі мен ашықтығын арттырады, адами фактордың араласу тәуекелдерін азайтуды қамтамасыз етеді, - деді Мәди Тәкиев.
Айта кетейік, Үкімет отырысында еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі талқыланды.