Контрабандалық тауарлардың негізгі бөлігі Қытайдан келеді - Кедендік бақылау комитетінің төрағасы
АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат - Соңғы 2 жылда кедендік бақылау шаралары күшейтілгеніне қарамастан кейбір жағымсыз ағымдар сақталуда. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Ғұсман Әмірин бүгін Алматыда өткізген алқалы жиында айтты.
«Контрабандалық тауарлардың негізгі бөлігі елімізге Қытайдан келеді. Сыртқы экономикалық қызметте Қытай бағытында түрлі үлгідегі 60 мыңнан астам қатысушы бар. Кедендік бақылау кезінде бір аталымды тауарларға қарағанда, әртүрлі аталымдағы тауарларды бақылауда қиындықтар көп туындайды», - дейді Ғ. Әмірин. Оның айтуынша, мемлекет алдында жауапкершілік алатын және адал бизнес жүргізуге дайын сыртқы экономикалық қызметтің қатысушылары «жасыл дәлізді» пайдалана алады. Олар «уәкілетті экономикалық оператор» деп аталады. Қазіргі таңда уәкілетті экономикалық операторлар тізімінде 67 компания бар. Оның жиырмасы «жасыл дәліз» жобасымен жұмыс жасайды.