Контрциклдік фискалдық саясат мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтады - Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM – Контрциклдік фискалдық саясат маңызды дезинфляциялық факторға және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайту факторына айналады. Бұл туралы Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
- Контрциклдік фискалдық саясат маңызды дезинфляциялық факторға және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайту факторына айналады. Ол үшін Ұлттық қордан берілетін трансферттер және бюджет шығыстарының өсуі бойынша бюджеттік қағидалардың сақталуы қамтамасыз етіледі. Бюджет тапшылығын 2028 жылы жалпы ішкі өнімге 0,9 пайызға дейін, ал мұнайға қатысты емес тапшылықты жалпы ішкі өнімге 2,7 пайызға дейін қысқарту жоспарланып отыр, - деді вице-премьер.
Оның айтуынша, мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімге 26 пайыздан аспайтын тұрақты деңгейде сақталатын болады.
- Елдің егеменді кредиттік рейтингін арттыру, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздарды сыртқы нарықтарға тұрақты орналастыру арқылы арттыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Валюталық активтер мен міндеттемелердің арақатынасын ескере отырып, Үкімет сыртқы нетто-кредитор болып қала береді, - деді ол.
Айта кетейік, Министрлер кабинетінің мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын талқыға салып жатыр.