Концлагерь тұтқынында болған атыраулық кейуанаға мерекелік медаль берілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда соғыс жылдарында концлагерь тұтқынында болған Екатерина Абсатырова тұрады. Биыл 94 жасқа толған.

Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов концлагерь есейткен кейуананы Жеңіс күнімен құттықтады. Оған «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалін табыс етті.
Екатерина Абсатырова 1931 жылы Мордова АССР-нің Первомай деревнясында өмірге келген. Отбасында 9 бала болған.
– Әкем Серафим отбасымен 30-жылдардың соңына таман Карелияға көшіп барған. Біздің отбасымызда әжем, əке-шешем, 9 бала – барлығы 12 адам бар еді. Отбасымызбен күнделікті күйбең тірлікпен жан бағудың қамына кірістік. Сөйтіп жүргенде 1941 жылы соғыс басталды. Басқыншылар бізді тұтқынға алды, -дейді Екатерина Абсатырова.
Ол тұтқынға түскенде 10-жаста болған. Тұтқыннан 1944 жылы босаған. Соғыс аяқталған дейін аспаханада аспаз, госпитальде санитарка болып жұмыс істеген.
– Сондай күндердің бірінде асханаға тамақтануға келген солдаттың бірі Вагаф Абсатыровпен таныстым. Дос болдық, кейін үйленуге ұсыныс білдірді. 1950 жылы шаңырақ көтеріп, Сібірде 13 жыл жұмыс істедік. Атырауға 1968 жылы көшіп келдік, -дейді Екатерина Абсатырова.
Мұнайлы шаһарда келген соң локомотив депосында жұмыс істеген. Концлагерьдің кәмелетке толмаған тұтқыны ретінде соғыс ардагеріне теңестірілгендердің санатына алынған. Қазір түрлі жеңілдікті пайдаланады.
Атырау облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 754 тыл ардагері мерекелік медальмен марапатталған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Кеңес Одағының Батыры атағына 2 рет ұсынылғандар арасында 6 қазақ болғанын жазған едік.