Қоңыр үнді домбыра - бренд, оның фәлсапасы - ұлттық идея - Жұмагелді Нәжімеденов
Ы. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақтың мәдени саясат және өнертану институтында ғылыми кеңестің ұсынысымен «Діл қоңыр үнді домбыра - бренд» деп аталатын монографиялық жаңа кітап жарық көрді. Біз осыған орай бұл ғылыми зерттеу жұмысының авторы, өнертану ғылымының кандидаты, домбырашы, дирижер Жұмагелді Нәжімеденовті әңгімеге тартқан едік.
- Қоңыр үнді домбыра - бренд, оның фәлсафасы - ұлттық идея деген ойға негіз болған жайттарды бізге таратып айтып берсеңіз?
- Кезінде Қорқыт баба үн жайлы:
Құлақ астым сыбысқа,
Ой толғадым дыбысқа.
Сырын түйіп түйсікке,
Үн жинадым тынысқа, - деген екен.
Қасиетті Құранда да үн туралы айтылған. Онда - «...Қиындық басқа түскенде, көмекке келсін төзімің. Адамда төзім ұлы күш және ұлы күш өз үнің» - деген сөздер бар. Домбыра ермек қылатын кісіге - дыбыс, ойлы адамға ләззат, махаббат, Алла берген көңіліне шипа. Қазақтың қоңыр үнді домбырасының менталитеті көшпейтін көшпенділер дисскурсы, мәдени мұра нысаны, сарыны.
Жалпы қоңыр үн: «Барқын» - бас-дауыс (27-40 дц, немесе 36-49дц), «Айқын» - баритон-дауыс (49-62 дц), «Жарқын» - тенор-дауыс (63-76 дц) және «Шіңкіл» дауыс деп төртке бөлінеді. Қазақтың тоғыз дыбыс таңбасы (ә, ө, ү, ұ, ғ, ң, қ, һ) негізінде домбыраның тоғыз пернесінен күй ойналады. Тоғыз дыбыс ділді, тілді құрайды, ал домбыраның тоғыз пернесі дыбысты құрайды. Тоғыз дыбысқа түсірген үнді қоңыр дейміз, бұл тұтастықты білдіреді. Өзбектердің, ұйғырлардың, түрікмендердің, әзірбайжандардың он екі мақамында діни танымы бар. Алдомбыра діни танымдардан таза. Мақамдар бас пен баритон ортасында жүретін дүниелер. Түрікмен, ұйғыр, өзбек, арабтардың музыкалық аспаптары темір ішек таққан шіңкіл дыбыстарды көп береді.
- Үннің адам психологиясына әсер-ықпалын қалай анықтауға болады?
- Мемлекеттің арнайы қабылдаған халал, харам деген стандарты арқылы. Мәселен халал - адамзаттың бастапқы жер бетіндегі мәдениеті - алғашқықоңыр үні.Адам неғұрлым табиғатқа жақындаған сайын төзімділік қасиеті арта түседі. Оның болмысы, дүниетанымы, іс-қимылы, мінезі, әдеп-ғұрпы (ар-ұяты) табиғи заңдылықпен қалыптасады. Ғылымға сүйеніп айтсақ, қоңыр үн есту қабылдау шкала диапозоны 30-75 дц, яғни табиғат шуынан аспайтын дыбыс немесе музыка. Мысалы жәй табиғатта ағып жатқан судың дыбыс күші 27 дц басталады, ал таудан қатты сарқырап ағып жатқан судың дыбыс күші 80 дц-ден аспайды. Ал харам- адам құлағының белгілі бір есту шегінен тысқары шығып кеткен, жүрекке, қан қысымына, миына кері әсері мол, жағымсыз дыбыстар.
Әлемдік музыкалық аспаптардың дыбыс күшін децибеллмен есептегенде, үлкен симфониялық оркестр 2 форте ойнатса 100 децибелге жетеді. Ал әскери реактивті ұшақтың дауысы-120 децибелл. Қазіргі жаңа заманғы музыкалық аппаратуралардың дыбыс күші 130-135 дц-ге дейін екендігі паспортында жазылған. Күнделікті тойлардағы құлағыңды тұндыратын дыбыстардың жойқын күшін ескеріп өлшеп жатқан ешкім жоқ. Тіпті осындай кешке тап болған жүрегі ауыратын, қан қысымы бар адамдардың қатты дыбыстың кері әсерінен құлап немесе құлағы естімей қалатын жайттар аз емес.
- Бұл туралы акустика ілімі не дейді?
- Жалпы дыбыс пен жарықтың ауадағы таралу толқындарын зерттеудің үш түрі бар. Бірінші, 0-ден 15 герцке дейінгі аралықты қамтитын инфрадыбыс. Бұл дыбысты адам құлағы естімейді, бірақ сезеді. Екінші, адам құлағы еститін 15-тен 20 000-ға герцке дейінгі жиіліктегі диапазон. Үшінші, 20 000 герцтен жоғары, естілмейтін жиіліктегі ультрадыбыстар. 30-75 децибелдің аралығындағы адамның есту диапазонындағы дыбыс күші қоңыр үн категориясына жатады. Еуропалық христиан дінінің шіркеу аспабы органды алып қарасақ, оның дыбыс жиілік диапозоны инфрадыбыстан басталады. Яғни құлаққа шалынбайтын дыбыс. Ал оған тәжірибе жасап көрген орындаушылар мен режиссерлар дыбыс 15 герцтен 13-ке төмендегенде адамның санасына үлкен әсер беретінін анықтады. Егер оны 7 герцке дейін азайтатын болса, адам жүрегі тоқтап қалуы мүмкін. Бұл 1992 жылы Алматыдағы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрген «Чудеса» деген энциклопедиялық сөздіктің 2-ші томындағы «Враг не слышен» деген (68-70 беттер) материалда да жазылған.
«Техникалық реттеу, шу, вибрациялық шу» деп аталатын заңның 335-ші тармағында адамның ағзасына қолайсыз дыбыстардың әсері жайлы айтылады. Ал «тіл», «мәдениет» туралы заңдарда үн, дыбыс жайлы айтылмайды. Қазақ тілінің әлі өз тұғырына көтеріле алмай жүргенінің бір себебі 9 әріптің үнін бойына толық сіңіре алмай, қоңыр үннен бөлініп қалғандығынан деп ойлаймын.
- «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ- домбыра» деген пікірге келісесіз бе?
- Иә. Музыкалық қабілетім жоқ деп сылтауратып домбырадан алыс жүрген, тіпті оны менсінбейтін қазақты, нағыз-қазақ деп айтуға болмайды. Домбыра тартқысы келген кез-келген адам музыкалық қабілетіне (есту қабілеті), ұлтына, жасына қарамай тез меңгеріп кете алады. Мәселен мен сандық тәсілмен бас-аяғы 10-15 минутта қолына еш уақытта домбыра ұстап көрмеген адамдарға ән үйретуге болатынын дәлелдедім. Оны кітап қылып шығарғаныма да он жылдай уақыт боп қалды. Қазір адам жанын түршіктіретін, жүйкесін бұзатын жойқын дыбыстардың кесірінен адамзаттың ақыл-санасы өзгеріп, әлемдік рухани дағдарысқаұшырауда. Бұл мәселе Елбасының Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдауында да көрініс тауып отыр. Табысқа жетуде басшылыққа алынатын 4 қағадаттың біріншісі ретінде ең басты құндылығымыз деп Отанымызды, Тәуелсіз Қазақстанды атаған болатын. Ал оны баянды ететін ұлттық ділдің негізі қоңыр үнде жатыр.
- Әңгімеңізге рахмет.