Кооперацияның тиімді тұстары қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылдан бастап елімізде ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы қолға алынды. Өткен жылдың соңында Үкімет бұрынғы «Агробизнес - 2020» бағдарламасын қысқартып, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын мақұлдаған болатын. ҚазАқпарат тілшісі бесжылдық құжатты зерделеп, ауыл шаруашылығы саласындағы кооперацияның тиімді тұстарын анықтап көрді.
None
None

Жерді ортақ мүлікке қосудың қажеті жоқ

Шыны керек, бүгінде халық арасында кооперация, яғни фермерлерді өзара біріктіру шараларын бұрынғы ұжымдастыру деп қабылдайтындар әлі де бар. Соның салдарынан агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлер ескі психологиядан шыға алмай, бүгінгі кооперацияның тиімді тұстарын түсінбей жатады. Алайда қазіргі кооперацияның бұрынғы ұжымдастырудан басты айырмашылығы сол, шаруаларды күштеп бір кооперативке ешкім біріктіріп жатқан жоқ, барлық шаралар ерікті түрде жүргізіледі. Сосын жаңа бағдарлама аясындағы кооперацияның тағы бір тиімді тұсы - кооперативке кіргеннен кейін жерді ортақ мүлікке қосудың қажеті жоқ. Оның бәрі шаруаның өз иелігінде қала береді. Аталған шарттың өзектілігін 90-жылдардың басында өзара бірігіп, жер пайларын бір шаруа қожалығының ортақ мүлігіне қосқандар жақсы түсінеді. Ол кезде талай адамдардың жерін банкке салып, сан соқтырып кеткен пысықайлардың болғаны жасырын емес. Қазіргі заңнамада соның барлығын алып тастады. Оған қоса, кооператив болып біріккендердің біраз шығындары бюджеттің есебінен өтеледі. Алдағы уақытта мемлекеттік субсидияларды тарату барысында алдымен кооперативтерге басымдық беріледі деген мәлімет бар.

Кооперацияның арқасында шетелдік нарықтарға шығуға болады

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы кооперацияның арқасында шаруа қожалықтары өз өнімін ірі сауда орындарына, тіпті шетелдің нарықтарына сата алады.

«Бүгінде ірі сауда ұйымдарының картоп, ет, көкөніс және тағы басқа өзімізде бар өнімдерге сұранысы өте жоғары болып тұр. Бір шаруа қожалығы ондай сұранысты қамтамасыз ете алмайды. Ал дүкендер үшін бірден үлкен тапсырыстармен жұмыс істеген тиімді. Міне, дәл осындай жағдайда кооперацияның артықшылығы мол. Мәселен, 500 мың тонна картоп қажет болса, дәл осы өнім өсірілетін аймақтарда кооперативтерді құруымыз қажет.», - деді Әлтаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Қазақстан жыл сайын 3 млрд. доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін сырттан сатып алады. Соның ішінде банан, киви сияқты экзотикалық көкөністер тек 900 млн. долларды ғана құрап отыр. Қалғанын қазақстандық кәсіпкерлер өздері-ақ шығара алады.

«Сосын шаруа жалғыз өзі шетелдің нарықтарына шыға алмайды. Бір-ақ мысал келтірейін, көрші Қытай жерінде қазақстандық балға деген сұраныс жоғары. Байқап қарасақ, олар жыл сайын аталған өнімді Қырғызстаннан үлкен мөлшерде сатып алады. Біздің фермерлер болса, шағын құрамда жұмыс істеген. Олардың бір-бірлеп балды қытайлықтарға жеткізе алмайтыны белгілі. Содан өткен жылы бал шаруашылығымен айналысатын 500 фермерді бір кооперативке біріктірдік. Сөйтіп, олар бір жұдырық болып, 2,5 мың тонна бал өндіріп отыр. Ал ондай көлеммен кез келген нарыққа шығуға болады. Енді, қытайлықтар біздің балымыздың сапасын тексергісі келді. Оған 4 млн. теңге қажет болды. Шаруалар ол ақшаны ортаға шығарып, тексертіп алды. 500 шаруаның әрбіреуі ақша шығарғаннан кейін көп ұтылған да жоқ. Енді, балды шетелге шығару үшін дұрыс қаптама қажет қой. Оны да ортаға ақша тастап, шағын қаптама цеxын ашу арқылы шешті. Ал бір шағын кәсіпкер оның бәрін істей ала ма? Жоқ. Осылайша, қазақстандық омарташылар көрші Қытай нарығына шығып отыр», - деп атап көрсетті палата басшысының орынбасары. Оған қоса, кооперативтерді құру кезінде кепілзат қоюдың қажеті жоқ. Мемлекет өз тарапынан шығындардың 50 пайызын өтеп беруге даяр.

Сүт кооперативтері қалай құрылады?

Жаңа бағдарлама аясында сиыр сауып, өздігімен пайда тауып жүрген шаруалар өзара бірігіп, сүт қабылдау бекетін аша алады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарына сәйкес, бес жылдың ішінде республика бойынша мыңға жуық сүт кооперативтері ашылады. Оған қатысатын адамдардың саны 350 мыңнан асады деген болжам бар. Осы кооперативтерден жиналатын сүттің бәрін зауыттарға жіберіп, отандық өндірісті толыққанды жүктеу көзделген. Сөйтіп, қазақстандық маркамен шығатын сүт пен сүт өнімдерін барынша арттыру жоспарланып отыр. Әйтпесе, бүгінде ауыл xалқының басым бөлігі сүтті қалаға апарып, өз «точкаларында» сатып жүреді. Ал сүт зауыттары өнімнің жетіспеушілігінен толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. 

«Еліміздегі сүттің 80 пайызын жеке қосалқы шаруалар өндіреді. Демек, өнімнің басым бөлігі жеке шаруалардың қолында. Енді, біз оларды ұйымдастырып, кооператив құру арқылы шикізатты отандық зауыттарға жеткізіп көреміз. Мәселен, бір ауылды алайық. Малы таза. Ірі қараның барлығы есепке алынды. Кооперативке үш-төрт адам емес, жиырма адам бірігеді. Себебі келесі жылдан бастап күшіне енетін кооперативтер туралы заңда үш адамнан көп болуы керек деп жазылған. Дегенмен, бізге жиырма адамның біріккені керек. Сосын кем дегенде 120 бас ірі қара болуы шарт. Осылайша, кооператив құрып, сүт қабылдау кәсібін бастауға болады», - дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов. 

Мемлекет шығынның жартысын өтеп береді

Сүт қабылдау бекеті ашылғаннан кейін үкімет оған кеткен шығынның жартысын өтеп беруге әзір. Оған қоса, сүттің әрбір литрі үшін қосымша ақша, яғни субсидия төлейді. Былайша айтқанда, ауыл xалқының сүтті отандық зауыттарға тапсыруға деген ниетін күшейту үшін мемлекет әрбір литр үшін қосымша ақша төлейді. Бұрын ондай субсидияларды тек ірі фермерлер ғана алатын. Енді, ондай қолдау шаралары барлығына тең болады. Ал сүт қабылдау бекетіне кеткен шығынның жартысын мемлекет «ҚазАгро» xолдингі арқылы өтеп береді. Мәселен, өзімізде шығатын сүт қабылдау бекетінің құрал-жабдықтары 5 млн. теңге тұрса, соның 2,5 млн. теңгесін бюджеттің есебінен төленеді. 

Мәселен, сүт қабылдау бекет ашылғанда ол жерде шикізатты салқындататын екі тонналық контейнер орнатылады. Сөйтіп, сиырды таңғы және кешкі уақытта сауғаннан сүттің бірнеше тоннасы жиналуы тиіс. Кооператив төрағасы ол тауарды сүт зауытына апарып тапсырады. Сосын адамдардың тізімін береді. Зауыт басшылығы өз кезігінде тізім бойынша ақшаны сүт тапсырған адамдардың жеке есеп-шоттарына аударады. Қазіргі жоспарға сәйкес, ақша айырбасы Қазпошта арқылы жүргізіледі. Осылайша, бір жағынан кооперацияны дамытсақ, екінші жағынан Қазпоштаның ақша айналымын арттыруға мүмкіндік бар.

Ал кооператив болып біріккен фермерлер қайтіп пайда табады? Себебі өздері қабылдайтын сүттің ақшасын халыққа таратып беру керек. Одан көп табыс түспейтіні белгілі. Оған қоса, сүт қабылдау бекетіне кеткен шығынның жартысы (2,5 млн.) тағы бар. «Дегенмен, субсидияның бар екенін ұмытпау қажет. Мәселен, мемлекет бір литрге тағы 10 теңге төлесе, айына 120 тонна сүт жиналған жағдайда 1 миллион 200 мың теңге көлемінде субсидия алуға болады. 200 мың айлыққа кетсе, қалған ақшаға несиені жабуға мүмкіндік бар. Сөйтіп, 2,5 млн. теңгенің қарызын жауып тастағаннан кейін сиыр сауатын аппараттар және тағы басқа құрал-жабдықтарды сатып алып, кооперативті әрі қарай дамытуға болады. Жаңа бағдарлама бойынша шаруалар өз мүлкін кепілзатқа салмайды. Сүт қабылдау бекетінің өзі кепілзатқа алынады», - вице-министр Айтуғанов.

Кооператив тек шаруалардың бірігуімен ғана шектелмейді. Оның аясында ветеринария, агроxимия, жем-шөп дайындау, тұқым, теxника, қолдан ұрықтандыру мен несие беру қызметтері кіреді. Осындай үлгіде ет, құс пен көкөніс кооперативтері де құру жоспарланған. 

Соңғы жаңалықтар