Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың ПИК нысанындағы жүйесі бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді - Т. Рахымбеков

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазіргі таңдағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық әлеуметтік-экономикалық маңызды салалардың бірі екендігі белгілі. Ал, жалпы аумағы 182,5 млн. шаршы метрді құрайтын 160285 көппәтерлі тұрғын үйді қамтитын бұл саладағы қордаланған проблемалардың шаш етектен екендігі де рас. Оны оң шешуге бағытталған жүйелі шараларды еліміздің Серік Ахметов бастаған Үкіметі де атсалысып келеді.

Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың ПИК нысанындағы жүйесі бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді - Т. Рахымбеков

Мәселен, бүгін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы: Сұрақ, жауап және нұсқаулар» атты республикалық конференцияда Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен құрылысы ұлттық палатасының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков елімізде көппәтерлі тұрғын үй қорын басқару және күтіп ұстаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленгенін мәлім етті.

Жалпы, бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында құқықтық-техникалық базаның жетілдірілмеуі, негізгі құрал-жабдықтардың тозу деңгейінің артуы, қызмет сапасының төмендігі, ТКШ нысандарын басқару мен күтіп ұстаудағы сапаның нашарлығы, су, жылу, газ, электр энергиясы ресурстарының шамадан тыс пайдаланылуы, мемлекеттік бақылаудың лайықты деңгейде болмауы сынды қордаланған проблемалары бар екендігі мәлім. Ал оларды жою үшін саланың ерекшеліктерін ескере отырып, ТКШ-ны мемлекеттік реттеудің жаңа жүйесін қалыптастыру қажеттігі туындап отырғандығы анық.

Жоғарыда аталған түйткілдердің түйінін тарқатқан Т. Рахымбековтің сөзіне қарағанда, тұрғын үй саласындағы бұл проблемалардың басты себебі - көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдаланудың заңнамалық тұрғыда бекітілген әрі ғылыми негізделген жүйесінің болмауы. Бұл ретте палата әзірлеп отырған жаңа тұжырымдама аталған кемшіліктерді түзетіп, салаға тың серпін беруі тиіс.

«Тұжырымдама, ең біріншіден, Шығыс Еуропа елдерінің, оның ішінде Польша, Словакия, Шығыс Германияның, сонымен қатар Балтық елдерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудағы жемісті тәжірибесін терең талдауға, екіншіден, Қазақстан өңірлеріндегі үйлерді жаңғыртудың оң үлгілері мәліметтеріне негізделген», - деді ол.

Басқарма төрағасының атап өтуінше, шетелдік мемлекеттердің басым бөлігі, мәселен, Франция, Нидерланды, Канада, Польша, АҚШ, Словакия, Чехия, Мексика, Сингапур, Малайзия сынды елдер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын басқаруды кәсіпкерлік қызметтің жеке бір саласы ретінде қарастырады. Яғни, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер нарығы басқарушы компанияларға белгілі талаптар жүктейді. Ал оны орындамау компанияның бәсекеге қабілетсіздігін білдіреді. Бұл бағыттағы тәжірибе елімізде де бар. Мәселен, өткен жылы елордада Күйші Дина көшесіндегі 37-ші үйді жөндеу жобасы жүзеге асырылды. Аталған жобаны жүзеге асыру барысында екі мақсат, атап айтқанда, басқарудың жаңа моделін қалыптастыру және терможаңғырту элементтерімен үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген еді. «Басқарушы компанияның құрылғандығын әрі тиімді жұмыс істеп жатқандығын мәлімдей аламын. Қазіргі күні тұрғындар жылуға 40-60 пайыз, ал ыстық сумен жабдықтауға 18-20 пайыз аз төлейді», - деді Т. Рахымбеков.

Оның атап өтуінше, тұжырымдама бір уақытта екі бірдей түйіннің күрмеуін тарқатуға бағытталған. Оның бірі көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру болса, екіншісі, КТҮ-лерді (көппәтерлі тұрғын үйлер) пайдалануда жаңа тетіктер енгізу.

Аталған проблеманың алғашқысына кеңінен тоқталған басқарма төрағасы: «Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың пәтер иелері кооперативі нысанындағы қолданыстағы жүйесі бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді. Кәсібиліктің төмен деңгейі, қызмет сапасының нашарлығы көптеген арыз-шағымды туындатып отыр», - деді. Сонымен қатар ол пәтер иелерінің өздері де кондоминиум нысандарын басқару мен күтіп ұстауды ұйымдастыруда енжарлық танытатындығын баса айтты. Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, бүгінде елімізде 182,5 млн. шаршы метрді құрайтын 160285 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларды 8788 басқару органы басқарады. Яғни, бір басқару органына шамамен 18-20 көппәтерлі тұрғын үй немесе шамамен 330 пәтерден келеді. Ал Польшада бір басқарушы органға 60-70 мың тұрғыны бар үйлер қарайды. Мәселен, 470 мың тұрғыны бар Щецин қаласында не бәрі 8 басқарушы компания болса, 1,5 миллион тұрғыны бар Варшава қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерге 18 орган қызмет көрсетеді. Халқының саны 800 мыңға жақындаған елордада болса, мұндай органдардың саны 301-ге жетіп жығылады. «Кооперативтердің ұйымдастыру-құқықтық нысанының өзі ұтқыр емес, нәтижесіз. Маңызды шешімдер қабылдау үшін кооператив мүшелерінің жалпы жиналысын шақыру талап етіледі. Ал ПИК-тердің жиналысы қалай өтетіндігін бәріміз де жақсы білеміз. Міне, бұл жағдайда мұның барлығы да ПИК басшылығының ұқыптылығына байланысты, яғни, субъективті фактор іске қосылады. Сондықтан біз ұйымдастыру-құқықтық нысанында басқару компания жүйесіне жауапкершілігі шектеулі серіктестікті енгізуді ұсынамыз», - деді Т.Рахымбеков.

Оның сөзіне қарағанда, бастапқы кезеңде ЖШС нысанындағы басқарушы компания әкімдіктер тарапынан олардың жарғылық капиталға 50 пайыздық үлеспен қатысуы арқылы құрылуы мүмкін. Оған еліміздің «Бәсекелестікті қорғау туралы» заңы да мүмкіндік береді. Қалған үлесті жөндеу-құрылыс жұмыстары, инженерлік коммуникацияларды алмастыру сынды сервистік қызметтер көрсетуге маманданған жергілікті кәсіпкерлер қоса алады. Сонымен қатар пәтер иелерінен жиналған қаражат компанияны ұстау тұруға кететін шығындарыдың тек 15-20 пайызын құрауы тиіс. Ал жиналған қаржыдан қалған қаржының 80-85 пайызы үйлерді күтіп ұстауға жұмсалуы қажет.

Екінші мәселе - көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануда жаңа тетіктер енгізу. Бұл ретте палата көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдаланудың жаңа ережесін әзірлеп, енгізуді ұсынып отыр. Өйткені, белгіленген нормаға сәйкес, КТҮ-лерді пайдаланудың белгіленген нормасы 70-100 жылды құрайды. Сондықтан саяси, әлеуметтік және экономикалық конъюктураларға, сонымен қатар бюджеттік мүмкіншіліктерге қарамастан әрбір үй 25-30 жылда бір рет күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Сондай-ақ инженерлік коммуникацияларды да 25-30 жылда бір рет ауыстыру қажет. «Қазақстанда жалпы аумағы 182,5 млн. шаршы метрді құрайтын көппәтерлі тұрғын үйлер бар. Яғни, жыл сайын шамамен 7 млн. шаршы метр баспана күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Күрделі жөндеу жұмыстарының орташа құны 1 шаршы метріне 30 мың теңгені құраса, онда жылына 200 млрд-тан астам теңге қажет. Ал бұл бюджет көтере алмайтын жүк екендігі сөзсіз», - деді ол.