Көптілділікті ұлттың өркендеуі, рухани баюы үшін қолдануымыз қажет - А.Әбділманов, ғалым, БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев үш тіл - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерудің артықшылықтарын үнемі айтып келеді. Жуырда «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезінде қабылданған сайлауалды бағдарламасында да 2021 жылға қарай үштілділіктің қазақстандық қоғам үшін қалыпты жайтқа айналатыны атап көрсетілді. Көп тіл білудің қыр-сыры жөнінде батысқазақстандық ғалым, облыстық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Әбділманов өз ой-толғамын былайша білдірді.
Оның айтуынша, қазақта өзінің даналығымен тарихта қалған ғұламалардың бірнеше тіл білгені ақиқат. Мәселен, әл-Фараби, Қашқари, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханұлы, Нәзір Төреқұлов, Мұстафа Шоқай секілді ел үшін ерен еңбек еткен ұлыларымыз кемінде үш тіл білгені белгілі. Тіл білу арқылы дүние сарайынкеңітіп, саяси санасын ширата білген жандар. Ел келешегі үшін аянбай еңбек еткендер.
Ғалымның пайымдауынша, қостілділік пен көптілділік -
әлемдік ғылымда зерттелген, әлі де зерттелу үстіндегі мәселе. Бұл жайында орыс ғалымы Лев Щерба, грузин психологы Нателл Имедадзе, француз психологы Жан Пиаже де зерттеген. Бүгінгі күнде көптілділік жекелеген іргелі ғылымдардың, психологияның, нейрологияның, физиологияның және соңғы жылдарда психолингвистиканың, әлеуметтік лингвистиканың, когнитивті лингвистиканың зерттеу нысаны болып келеді. Зерттеліп анықталғаны баршылық, алайда толық ашылмаған тұстары да жетерлік. Ал бұл құбылысты жаппай ой қазығына айналдыру, идеология ретінде ұстану қаншалықты тиімді әрі нәтижелі болатындығы ойландырады.
Екі тілді білетін адамды қостілді дейміз, екеуден артық тіл білсе, көптілді, ал алты тілден көп тіл білсе, полиглот дейміз екен. Әлемде қостілділікті де, көптілділікті де дұрыс үрдіс деп бағалайды. Өйткені көптілділердің мүмкіндіктері зор, артықшылығы мол болады. Мәселені арнайы қарастырған кезде, ғалымның пікірінше, оның артықшылығы және кемшілігі мынадай кейіпте топтасты. Соның ішінде артықшылығы:
1.Көптілді болу арқылы тұлғаның ақпараттық кеңістігі кеңи түседі, мол ақпаратқа ие болады;
2.Көптілділік миға жасалған жаттығу болғандықтан, тұлғаның логикалық ойлау жүйесі жақсы жетілген болып келеді;
3.Дивергентті ойлау қабілеті жоғары болғандықтан, шығармашылығы ерекше әрі мол болады;
4.Әлемдік мәдениетті жетік біледі, жақсы түсінеді;
5.Тілтабысқыш, ерекше бейімделгіш келеді;
6.Еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие;
7.Кез келген мәселені талдауға, салыстыруға бейім;
8.Ми қыртысы иілгіш, бейімделгіш.
Көптілділер мен қостілділердің артықшылығын жеке бағыттары бойынша санамалауға болады, мәселен, есте сақтау қабілетінің жоғарылығы, рационалдылығының басым екендігі, өнертапқыштығы, тағысын тағы, сапалық қасиеттері мол.
Сол секілді көптілділік пен қостілділіктің кері әсерін, қарсы жақтарын зерделегенде, мынадай бағыттарды көруге болады екен:
1.Бірнеше ұлттық мәдениеттің белгілері бір тұлғаның бойына тек жартыкеш сипатта тоғысады;
2.Көптілді тұлғаның мінез-құлқы ұлттық сипаттан өзгешелеу болып қалыптасуы себепті менталитеті күрт өзгереді;
3.Отбасында берілетін тәрбие, оның салдарынан өмір салты түбегейлі өзгеріске ұшырайды;
4.Тұлғаның өзін-өзі ұстауы, өмірлік ұстанымы өзгереді (сән, таңдауы, қызығушылығы т.б.);
5.Жаһаншылдық бойына ұялауы ықтимал (өзге өркениетке құмарту, қазақ құндылықтарынан әлемдік құндылықтарды жоғары қоюы т.б.);
6.Озық мәдениетке басымдық бере отырып, жеке басының қай ұлтқа сыйымды екендігін айыра алмай қалуы (проблема этнической идентичности);
7.Ұлттық нацизм, яғни өзгелерге деген менсінбеушіліктің пайда болуы мүмкін;
8.Тілдің шұбарлануы арта түсіп, тілдік құрылымға әсері мол болады (супер, ок, спикер, кэш, тағы басқа сөздердің нормалануы);
9.Көзқарастардың кереғарлығы пайда болады да, синтезделіп, тиімдісі іріктеледі (мысалы, дәстүрді сақтау, ырымға ден қою-қоймау, таным мәселесінде т.б.);
10.Адамның жан дүниесі шұбарланады, бұл ішкі күйзеліске әкелуі мүмкін (мәселен, қоғамдағы тәрбие мен отбасындағы тәрбие т.б.);
11.Ішкі күйзеліс салдарынан белгілі бір мәдениетке (тілге) басымдық беруі мүмкін не делсал күйге түседі;
12.Аралас некеге баруы ықтимал.
Салыстыруды сараласақ, көптілділіктің артықшылықтары рационалдылық жағынан адамның сыртқы сапалық қасиеттерінің жетілуі тұрғысынан екендігі айқындалып отыр, кемшіліктер рухани ішкі жан дүниесі, арғы түптамырынан алшақтау және түбегейлі өзгеру үрдісі ретінде болып көрінеді. Осы орайда көптілділікті жалаң, жарқын идея ретінде ұсыну ұлт
үшін аса қауіпті деп білеміз. Көптілділікті ұлттың өркендеуі, рухани баюы үшін қолдануымыз қажет. Ол үшін арнайы дайындық, менталды платформа (алаң), өзегі бар рухани өсім қажет. Бұл дегеніңіз - ұлттың рухани өзегі
бойына сіңген, бірінші тілі қазақ тілі болып қалыптасқан жасөспірімдер. Мәселені дұрыс бағаламасақ, дұрыс әдіснамасын қалыптастырмасақ, бұл ұлт үшін қасірет болмақ. Шамамен, ХІХ ғасырдағы Ресейдің кейпі, ХХ ғасырдағы Үндістанның жағдайы т.т. Кез келген жаңа бастаманың әдіснамасы немесе қарапайым түсінікте тәрбиесі болмаса, ол кереғар әсер береді. Жүгенсіз кіріккен идея рухани жарылыс береді. Кезінде бабамыз әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» демеп пе еді? Сол себепті «Тәрбиесіз берілген көптілділік - ұлттығымыздың қас жауы» болып жүрмесе екен деген қорқынышымыз бар. Идеяны жалаң, беталды ұсына беру де қиянат. Басты қиянат ұлтқа болмаса игі. Сондықтан бірінші кезекте әрбір баланы, әр ата-ананы көптілділікке дайындап алу қажет. Егер идеологиялық дайындық жүргізілмесе, басымдылық неде екендігі айқын болмаса, көптілділіктің кері әсері міндетті түрде көрініс алады.
Қиянаттың бірі - тілдің шұбарлануы. Бұл жайында Л. Щерба: «Нағыз қостілді адамның бойында екі бірдей тілдің автономды таңбалық жүйесі жұмыс жасайды, алайда бұл - өте сирек кездесетін құбылыс, көбіне тілдердің шұбарлануына алып келеді» деп көрсеткен. Өзге тілді меңгеруде шұбарлану болмас үшін грузин психологі Нателл Имедадзе «Бір бейне - бір тіл» деген әдіс ұсынған. Мәселен, әке-шешесі тек қазақ тілінде сөйлейді және баланың күтушісі тек қана ағылшын тілінде сөйлейді. Бұндай жағдайда тілдік жүйені дербес ұстау мүмкіндігі жоғары екендігі анық.
Ғылымда балаға бірнеше тілді қатар меңгертудің сапасы оның алдын ала ойластырылуына, қолданылатын әдіс-тәсіліне, ең бастысы, мақсатына байланысты болатындығын атап көрсетеді. Десек те, баланың қалыпты, табиғи да-
муына қол сұққан кезде міндетті түрде оның кері әсері болатындығын біз көп атай бермейміз. Бұл мәселе нейрология, психиатрия тарапынан және әлеуметтік, когнитивтік лингвистика тарапынан арнайы зерттеліп жүр. Оның нәтижелерін көпшілік біле бермейді.
Абылай ханның: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік» деген сөздерін осы мәселе төңірегінде де қолданғым келеді. Білім міндетті түрде қажет. Алайда ол ұлттың қазанында қайнап, ұлттың ұясынан түлемесе, ол жатпен бірге жабыса кеткен іштегі жарамыз болмасына кім кепіл?
«Көптілділіктің тұғырнамасы қазақ тілі екендігін баса айтқан жөн. Сондықтан қазақ тілін - барша қазақстандықтарды біртекті ететін бірден-бір себепкер деуге болады. Бұл жайында үлкен мінберлерден де айтылып жүр. Алайда осы факторды білсе де, білмеген сыңай танытатындар, тілдегі делсалдық жағдайды ұзағырақ ұстағысы келетіндер де жоқ емес. Мемлекеттік тілдің сапалы қолданысын, күнделікті жұмыстағы көрінісін талап ету бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп білеміз. Жастарымызды көптілділікке тәрбиелеуде олардың қазақылығы, қазақы тәрбиесі негіз болуы міндетті, басқаша жағдайда ұлттық белгілердің жыл санап, күн санап жоғалатындығы айдан анық. Қазақстандық жастардың бойындағы отансүйгіштік тәрбиесі тіл арқылы, тілді ұстану арқылы жүргізілуі тиіс. Көптілділіктің жемісі өзге тілдер қазақ тілінің баюына, ақпараттық кеңістігінің ашылып, тілдегі ақпардың молая түсуіне жұмыс жасағанда ғана көрінеді. Сәйкесінше тіл арқылы ұлттық зияткерлік әлеуеттің артары сөзсіз», деп түйіндеді ойын А.Әбділманов.