17:28, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қор нарығына батысқазақстандықтар да белсене қатыса алады
ОРАЛ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы өткен жылғы Жолдауында елімізде тиімді жұмыс істейтін қор нарығын құруды Үкіметке тапсырған болатын. Халық өз қаржысын бағалы қағаздарға салмайынша, тиімді жұмыс істейтін қор құру қиын.

Сондықтан Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс орталықтарында инвестициялық ақпараттық-білім беру орталықтары жұмыс жасауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласында трансферттік-агенттік бөлімі «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесінің ғимаратында орналасқан. Бөлім бастығы Жұмағыз Ғабдуалиеваның сөзіне қарағанда, мұндай қызмет мақсаты ? жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан қор нарығына қатысуына жол ашып, отандық экономиканы дамыту. Бүгінде осы орталық арқылы қаржылық, өнеркәсіптік және экономиканың өзге де салаларындағы компаниялардың акциялары мен облигацияларын сатып алуға болады.
Аталмыш бөлім қызметіне мыңнан астам адам жүгініп, білім алып шыққан. Олардың көпшілігі ? жастар. Сондай-ақ аудандарда тапсырыс бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылып келеді.