Көрермендер Пласидо Домингоны 14 минут бойы үзіліссіз қол шапалақтап, қошаметтеді
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат - Миланның «Ла Скала» опера театрының көрермендері кеше, жұма күні әйгілі испандық тенор - Пласидо Домингоға 14 минут бойы дүркіретіп қол соқты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press (AP) агенттігіне сілтеме жасап.
Көрермен қауым оның Джузеппе Вердидің «Симон Бокканегра» операсындағы жеке орындауын осылайша қабылдады. Сонымен қатар AP агенттігі көрермендерге дирижер Дэниел Баренбоймның өнері ұнамағанын да жеткізеді.
Бұл - 69 жасқа келсе де сахнадан түспеген жезтаңдай Домингоның осымен 131-інші опералық ролі. Бір таңқаларлығы, «Симон Бокканеграда» ол өзі үшін әдеттегідей емес - баритон дауыспен шырқады. «Ла Скалада» алты спектакль қойылса, одан кейін бұл опера маусымда Лондонда көрсетіледі, ал шілдеде - Миланда қойылмақ.
Доминго сахнаға ішегіндегі қатерлі ісікті алып тастау үшін жасалған операциядан бір жарым айдан кейін шығып тұр. Бұдан бұрын хабарланғандай, ол денсаулығын тексертуге мән бермей, дерті асқынған соң ғана ауруханаға жатып, операция жасатуға мәжбүр болған еді. Әншінің айтуынша, ауруды жеңе алу мүмкіндігі - ең жоғары жеңіс салтанаты.