Кореяда Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазақтарының II кіші құрылтайы өтті

СЕУЛ. KAZINFORM – Кореяның Сеул қаласында Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың II кіші құрылтайы өтті. Бұл туралы «Отандастар қоры» баспасөз қызметінен мәлім етті.

Кореяда Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазақтарының II кіші құрылтайы өтті
Фото: «Отандастар қоры» КеАҚ

Құрылтайға Корея, Малайзия, Жапония, Қытай және Моңғолия елдерінен 200-ге жуық отандастарымыз қатысты. Құрылтайдың ашылуынан бастап әр отырысында Қазақстан мен шетелдегі қазақтардың мәдени, экономикалық және рухани ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған түрлі мәселелер кеңінен талқыланды.

Құрылтай аясында қазақ кітаптары мен қолөнерші, суретші Ақмарал Бахитованың ұлттық нақышта салынған сурет көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме қазақтың дәстүрлі мәдениетін насихаттауға және ұлттық өнердің ерекшеліктерін шетелдік көрермендерге таныстыруға бағытталған ерекше шара болды. Көрме қонақтары қазақтың бай мәдени мұрасын өнер туындылары арқылы тереңірек танып, ұлттық өнердің заманауи интерпретацияларына куә болды.

Кореядағы құрылтай
Фото: «Отандастар қоры» КеАҚ

Құрылтайдың ашылуында ҚР Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов Алмасбайұлы, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров және Сеулдегі «Qazaq Nomad» қазақ қауымдастығының өкілі Турлан Жанесенов сөз сөйледі.

Елші сөзінде құрылтайдың шетелдегі қазақ мәдениетін дамытудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол қазақ диаспорасының мәдени бірлігін нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы осындай іс-шаралардың маңызды екенін тілге тиек етті.

Кореядағы құрылтай
Фото: «Отандастар қоры» КеАҚ

Сонымен қатар, құрылтайдың Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосатын үлесі зор екенін айтып, алдағы уақытта қазақ диаспорасы өкілдерімен бірлесіп жүзеге асырылатын мәдени жобаларға қолдау білдіретінін жеткізді. 

Данияр Қадыров құрылтайдың басты мақсаты шетелдегі отандастармен байланысты арттырып, бірлікті нығайту екеніне тоқталды. Ол «Отандастар қорының» шетелдегі отандастарды қолдау бойынша жүзеге асырып жатқан жобалары туралы баяндап, Қазақстанның әлемдік деңгейде танылуы жолындағы мәдени бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

Ал Турлан Жанесенов Кореядағы қазақ жастарының бірлігін арттыруға бағытталған жобалар туралы айтып, құрылтайдың шетелде ұлттық мәдениетті сақтап қалудағы маңыздылығына назар аудартты.

Құрылтайдың бірінші күні қазақ мәдениетін насихаттау, ұлттық дәстүрлерді шетелде сақтау және экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша жалпы отырыстар өтті.

Кореядағы құрылтай
Фото: «Отандастар қоры» КеАҚ

Құрылтай аясында «Отандастар қоры» КеАҚ пен Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен алғаш рет шетелде қазақ тілінде шешендік сайысы ұйымдастырылды. Оған Хангук шет тілдер университетінің жеті студенті қатысып, екі елдің мәдениеті, салт-дәстүр ұқсастықтары мен Абай шығармашылығы туралы мазмұнды баяндамалар жасады.

Кореядағы құрылтай
Фото: «Отандастар қоры» КеАҚ

Бірінші орынды Хангук шет тілдер университетінің ІІ курс студенті Ли Со Ён жеңіп алды.

- Мәдениет саласында жақынырақ болу үшін жиі кездесіп, сөйлесу керек деп ойлаймын. Мен қазақ тілін жақсы үйреніп, екі ел арасында жақсы қарым-қатынас жасауға үлес қосқым келеді, - деді Ли Со Ён.

Кореядағы құрылтай
Фото: Фонд Отандастар

Құрылтайдың екінші күні Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді. Мерекелік шара барысында ашық алаңда «Отандастар қорының» «Қоржын» жобасы аясында Кореядағы отандастарға сыйға тартылған алты қанатты киіз үйі орнатылды. Киіз үйдің жанында ұлттық киімдер мен суреттер көрмесі қойылып, қазақтың дәстүрлі мәдениеті кеңінен насихатталды. Киіз үйдің көрінісі мен ұлттық нақыштағы заттар мерекеге жиналған көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. 

Кореядағы құрылтай
Фото: Фонд Отандастар

Наурыз мерекесі аясында қазақтың дәстүрлі ойындары да ойнатылды. Құрылтай қонақтары асық ату, арқан тарту, ләңгі және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарға белсене қатысып, қазақтың дәстүрлі спорттық ойындарын ерекше ықыласпен қабылдады. 

Кореядағы құрылтай
Фото: Фонд Отандастар

- Құрылтай шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерімен мәдени және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеуге және болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға серпін берді. Бұл құрылтай шетелдегі қазақ қауымдастығының бірлігін арттырумен қатар, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау мен экономикалық серіктестікті дамытуға арналған маңызды қадам болды. Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақ диаспорасының мәдени және экономикалық байланыстарын нығайту мақсатында бірқатар жоба талқыланды, - деп атап өтеді «Отандастар қорынан».

Кореядағы құрылтай
Фото: Фонд Отандастар

Айта кетейік, қандастарды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді.

Соңғы жаңалықтар