Кореялық компаниялар Қазақстанның энергетика саласына инвестиция салуға ниетті
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігі кореялық компанияларды 2035 жылға дейінгі электр энергетикасы саласын дамыту жоспары аясында жұмыс істеп тұрған энергетикалық нысандарды жаңғырту және жаңа генерациялау қуаттарын салу жобаларына инвесторлар және EPC-мердігерлер ретінде қатысуға шақырды.
Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Кихонмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар мұнай-газ және электр энергетикасы салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Кездесуде ағымдағы жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына жоспарланған мемлекеттік сапары аясында қол қою көзделіп отырған Мұнай саласындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді дайындау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ кореялық компаниялардың Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысу перспективалары талқыланды. Энергетика министрлігі кореялық компанияларды 2035 жылға дейінгі электр энергетикасы саласын дамыту жоспары аясында жұмыс істеп тұрған энергетикалық нысандарды жаңғырту және жаңа генерациялау қуаттарын салу жобаларына инвесторлар және EPC-мердігерлер ретінде қатысуға шақырды.
Кездесу барысында Түркістан облысындағы бу-газ электр станциясының құрылысы жобасының іске асырылу барысы қаралды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалғасып жатқаны, негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу толық аяқталғаны және құрылыс алаңында 2 100-ден астам маманның еңбек етіп жатқаны атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға және энергетика саласындағы технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.
Айта кетелік дрондар мен жасанды интеллект энергетикадағы ақауларды ерте анықтауға мүмкіндік беретіні туралы жазған едік.