Қорғалжын ауданының әкімі телеарна арқылы жұртшылық сауалдарына жауап берді - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. 6 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - «РТРК» Ақмола облыстық филиалы телеарнасының «Әкім сағаты» бағдарламасы аясында Қорғалжын ауданының әкімі Сұлтан Қасенов тікелей хабарға қатысып, жұртшылықты толғандырған сауалдарға жауап берді.

Қорғалжын ауданының әкімі телеарна арқылы жұртшылық сауалдарына жауап берді - Ақмола облысы

Тікелей эфирдегі жүздесуге күнілгері дайындық жұмыстары жүргізіліп, тиісті сауалдар топтастырылған болатын. Өңірдің әр түкпірінен электронды поштамен - 40, жазбаша 26 сауал, бейнетаспа арқылы бес сұрақ, тікелей хабар барысында жиырмаға жуық өтініш айтылған. Тұрғындарды толғандырған сауалдардың дені тұрғын үй құрылысы, елді мекендер арасындағы автобус қатынасы, жол жайы, білім, денсаулық, мәдениет салалары қызметтерінің сапасы, жұмыспен қамту жайында өрбіген. Соған сәйкес Арықты ауылы тұрғындарын мәдениет үйі, интернеттік байланыс, үйді-үйге су тарту, Құлтай ауылын жолдың жайсыздығы, Сабындыда мектеп, аурухана, балабақша жайы толғандырып отырған көрінеді. Сонымен бірге Өркендеу, Жұмай, Шалқар ауылдары тұрғындарының өзекті мәселелері көтеріліп, тікелей хабар барысында титісті жауаптар қайтарылды. Ал енді бір тобын өңір басшысы өз бақылауына алатынын, жауапты жазбаша жеткізетінін атап көрсетті. Реті келгенде атап өтерлігі, жуырда екінші мәрте қайта сайланған аудан әкімінің жақсы жұмыстарына, ұйымдастырушылық қабілетіне, әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіндегі табыстарына ризашылықтар да білдірілген.

Филиал басшылығының айтуынша, жыл соңына дейін қалған жеті аудан мен Көкшетау қаласының әкімдері тікелей эфирде жұртшылықпен жүздесіп, түйіндеген сауалдарына жауап қайтаратын болады.