Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде тараған мәлімдемені жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде министр Даурен Қосановтың атынан таратылған бейнемәлімдеменің жалған екенін мәлімдеді.

фейк
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ведомствоның түсіндіруінше, әлеуметтік желілерде еліміздің әуе кеңістігі арқылы әуе кемелерінің ұшып өтуіне қатысты министрдің ресми мәлімдемесі ретінде ұсынылған бейнеролик таралуда.

«Аталған бейнематериал – жалған. Видео жасанды интеллект технологияларын (deepfake) пайдалану арқылы жасалған, ал дауыс бұрынғы сұхбат негізінде құрастырылған. Таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және қорғаныс ведомствосының ресми ұстанымын білдірмейді», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, ондағы дауыс бұрын жазылған жария сөздердің негізінде монтаждалған.

«Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен әлеуметтік желі пайдаланушыларын тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырамыз», – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі.

Ведомство қолданыстағы заңнамаға сәйкес көрінеу жалған ақпарат тарату жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру тәртібі мен оған қатысты заңсыздықтар туралы ескерткен болатын.

Соңғы жаңалықтар
Референдум