Қорғаныс министрлігі әскерге күштеп әкету туралы: Шағым болса, полицияға айту керек

АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Мәжіліс кулуарында әскерге шақыру тәртібін өзгертетін заң әзірленіп жатқанын мәлім етті.

Әскери техника, авиация, жауынгерлік сап түзеу – Шеруге дайындық қызу жүріп жатыр
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Біз, Қорғаныс министрлігі, шақыру уақытын аяқтадық. Қажетті әскери қызметшілер бізде толықтырылды. Қазір жүріп жатқан науқан – Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан қатарына жинап жатқан іс-шаралар, - деді ол.

Министр орынбасары бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек деп есептейтінін айтты.

- Қазір заң жобасын қарап жатырмыз. Шақыру жұмыстарын, жүйесін заңға өзгерістер енгізу арқылы орнына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заң жобасы Сенатқа өтті. Сол заң шығу керек. Шақыру жүйесінде СМС-арқылы әдіс қолданылады. СМС келеді, хабарламаны алған соң ол жігіт өз аяғымен әскери комиссариатқа келмесе, айыппұл төлейді. Біз осы уақытқа дейін Қазақстан азаматтарына заң жүзінде айыппұл да салған жоқпыз. Жазаға да тартқан жоқпыз. Бірақ шақыру науқаны уақытылы өтіп жатыр, - дейді Шайх-Хасан Жазықбаев.

Сондай-ақ, ол жас жігіттерді әскерден қашпауға шақырды.

- Әскерден қорықпау керек. Әскери дайындықтан өту керек. Уақыты келген кезде, беті аулақ, Отанды қорғауға дайын болу керек. Біз Қорғаныс министрлігіміз. Құқық қорғау органы емеспіз. Егер қандай да бір заң бұзылса, Ішкі істер министрлігі мен прокуратура бар. Сол жаққа шағым жасау керек. Егер сіздерде осындай уақытта осындай заңды бұзды десеңіздер, біз өз тарапымыздан хат жолдап, қылмыстық іс қозғауға түрткі боламыз, - деді ол.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде шетелде оқып жүрген қазақстандық студентті әскерилердің көшеден алып кетуі дау туғызған болатын. 

Соңғы жаңалықтар