Қорғаныс министрлігі БҚО аумағына дрондардың құлауы жөнінде: олар Ресей полигонынан ұшырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Батыс Қазақстан облысы аумағында ұшқышсыз ұшатын аппараттардың құлауы жағдайына түсінік берді.

- Біз бұл сұрақтарға бірнеше рет жауап бердік. Батыс Қазақстан облысының аумағында табылған ұшқышсыз ұшатын аппараттардың көпшілігі, яғни 90 пайыздан астамы Ресейдің 926-шы ұшыру әрі сынақтан өткізу орталығының полигоны шекарасында орналасқан, - деді С. Қамалетдинов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, полигон үстіндегі әуе кеңістігін сынақ орталығы пайдаланады. Бұл тұрғыда Ресей Федерациясы өздерінің ұшатын аппараттарын сол жерде сынақтан өткізген.
Еске салсақ, биыл наурыз айында Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Батыс Қазақстан облысы аумағында ұшқышсыз ұшатын аппараттың не себепті құлағанын анықтайтын тергеу қорытындысы бойынша шешім қабылданатынын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл ақпанда БҚО аумағына ұшқышсыз ұшатын аппаратқа ұқсас зат құлады.