Қорғаныс министрлігі сарбаздарға қатысты тараған бейнежазбаға пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде тараған мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға қатысты бейнежазбаға түсініктеме берді. Ведомство жарияланған видеоматериал шындыққа жанаспайтынын және Қарулы Күштердің беделіне нұқсан келтіретінін мәлімдеді.

Сарыөзектегі сарбаз өлімі: ресми хабарламада не айтылған
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Министрліктің хабарлауынша, аталған бейнежазба 2019 жылы әскери бөлімдердің бірінде орын алған. Бейнекадрда бейнеленген әскери қызметшілердің өз сөзінше, видео әзіл ретінде, тек жеке пайдалану үшін түсірілген.

Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларын бұрмаланған және жалған видеоматериалдарға сенбеуге, тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Сондай-ақ қолданыстағы заңнамада әдейі жалған ақпарат тарату және фактілерді бұрмалау үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды.

Бейнежазбаның авторы Жомарт Өркен де видео нақты жағдайды көрсетпейтінін растады. Оның айтуынша, ол 2019 жылдың сәуір айында Ескелді ауданынан әскерге шақырылып, Кербұлақ ауданының Сарыөзек қаласындағы №29108 әскери бөлімінде, үшінші батареяның бірінші дивизионында мерзімді қызмет өткерген.

– Видео әзіл ретінде, жігіттерге арнап түсірілген. Офицерлер тарапынан күш қолдану немесе азаптау болған жоқ. Түсірілім әскери паркте жүргізілді, – деді ол.

Қорғаныс министрлігі аталған бейнежазбаның контекстен жұлынып алынғанын және Қарулы Күштердегі нақты жағдайға қатысы жоқ екенін тағы да атап өтті.

Бұған дейін әскери қызметшілер дрондарды құрастыру мен басқаруды үйреніп жатқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар