Қорғансыздың күні: Павлодар облысында балаларды зорлау оқиғалары жиілеп тұр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Айналдырған бір аптаның ішінде Павлодар облысында кәмелет жасына жетпегендерді зорлаудың төрт бірдей дерегі тіркелді. Оқыс жағдай жергілікті қоғамды айрықша алаңдатып отыр. Кейбір ата-аналарда өз жеткіншектерінің қауіпсіздігіне деген қорқыныш пайда бола бастады. Балаларға жыныстық қол сұғушылық бойынша қылмыстар өңірде неге жиілеп тұр? Бұған қандай факторлар себеп болуда? Kazinform тілшісі жағдайды зерделеп көрді.

педофил
Фото: Pexels

Заң қабылданса да қылмыс өршіп тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңдарына қол қойғаны белгілі. Соған байланысты елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды кез келген жайттан қорғау мәселелері бүгінде мүдделі органдар үшін маңызды мәселеге айналып отыр.

Өкінішке қарай, Павлодар облысында кәмелет жасына жетпеген балаларға қатысты жыныстық қол сұғушылық деректері күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Өңірлік полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, былтыр балаларға педофилдық әрекет жасау бойынша 35 дерек тіркеліп, оның 29-ы алғашқы 10 айда болған. Ал биыл жыл басынан бері 30 дерек анықталып отыр. Сәйкес кезеңмен салыстырғанда қылмыс саны біреуге көбейген. Бұл статистика құзырлы органдар мен білім беру, әлеуметтік қорғау, қорғаншылық және т. б. салалардың мамандарын ойландырып отыр.

Соңғы бір аптаның ішінде Павлодар облысының аумағында аталған сипатта төрт бірдей келеңсіз оқиға тіркелді. Ең әуелі Баянауыл ауданы Майқайың кентінде кәмелет жасына толмаған қызды өгей әкесі зорлап келгені туралы жағымсыз ақпарат ел ішін кезіп кетті.

Одан соң дәл осы аталған елді мекенде 2009 жылғы ағасы мен 2008 жылғы қыз баланы екі ер адам зорлағаны туралы құзырлы органдар ресми ақпарат таратты.

Ал кейінірек Железин ауданында осыдан 6 жыл бұрын қорғаншылығына алған жетім қызды зорлап, бұл қылмысын полиция біліп қойған соң аңшы мылтығымен өзін атып өлтірген ер адам туралы жаздық.

«Бұл — педагогтардың табанды еңбегінің нәтижесі»

Самал Айтқазина
Фото: Павлодар Өңірлік коммуникациялар қызметі

Заң қабылданғанына қарамастан балаларды зорлау оқиғалары не себепті жылдам көбейіп барады? Бұл сауалды біз білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаға қойдық.

«Естеріңізде болса, былтыр қараша айында Екібастұздағы Бесқауға ауылында 7 жасар оқушы Милана Давыдованы анасы мен оның көңілдесі өлтіріп, ол оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған. Қайғылы жайттан соң Павлодар өңіріндегі білім беру саласында үлкен талдаулар жасалып, педагогтармен көп жұмыстар жасалды. Мектеп педагогтары мен психологтары, сынып жетекшілері балалармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдеріне, олардың мінез-құлқы мен тәртібін бақылаудың жаңа әдістеріне үйретілді. Соңғы бір жылда жүргізілген жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде бұрын „ұят боладыға“ саналып келген тақырыптар ашық айтылып, балалардың өз мәселелерін жеткізуіне қолайлы жағдайлар жасалды. Балалардың құқығын қорғау — басты мақсатымыз болғандықтан, оларға қарсы кез келген заңсыз, қылмыстық әрекеттердің алдын алу, анықтау біздің педагогтардың екінші міндетіне айналып отыр. Яғни, жыныстық қол сұғушылық сипатындағы қылмыстардың жиі ашылып жатқаны біздің педагогтардың табанды еңбектерінің айқын нәтижесі деуіме әбден болады. Бұл сөзіме дәлел — кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық көрсету бойынша жыл басынан тіркелген 30 оқиғаның 16-сын біздің ұстаздар анықтаған. Әрине жағдайлардың басым бөлігі мектептен тыс жерлерде жасалғаны мәлім. Бұған дейін балалардың жан-дүниесіне ене алмай жатқан тұстарымыз көп болды. Педагогтар қазір балалармен жиі әңгімелесіп, оларды қандай мәселелер жиі алаңдататынын сұрап отырады. Қиын отбасыларға мектеп әкімшілігі, әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі, өзге де мүдделі органдардан құралған топ тұрақты барып, баланың дұрыс жағдайда тұрып жатқанына зейін қояды. Егер қандай да бір ұнамсыз жайттарды көрсе, бірден жоғары тұрған органдарға хабарлайды. Алгоритмге сәйкес мәселе әуелі жергілікті білім беру бөліміне, одан соң өңірлік басқармаға хабарланады. Одан әрі мүдделі органдар хабардар болады. Білім беру ұйымдары мен білім беру бөлімдері бұл мәселе бойынша бізге мезгіл сайын есеп береді. Осылайша педагогтардың қатысуымен бұрын жабулы қазан күйінде қалып келген қылмыстық әрекеттер белгілі болып жатыр. Тіпті сонау 2011, 2012, 2017 жылдары болған оқиғалар енді анықталуда», — деп жауап берді Самал Оспанқызы.

Майқайыңдағы оқиғалар қоғамның барлық мүшесін ойландыруы керек

Оның айтуынша, Майқайыңдағы қос оқиға барлық қоғам өкілдерін қобалжытатын, ойландыратын жайттар. Жай адам санасына қабылдай алмайтын, озбырлық көріністері. Екі жағдайда да педагогтардың қырағылығы қылмыстың дер кезінде ашылуына түрткі болды. Мәселен жәбірленуші 2009 жылғы қыз бала колледже оқиды. Биыл қыркүйек айында оның күнделікті сабақ үстінде селқос, аурушаң болып бара жатқанын көрген ұстазы медициналық тексеруден өтуге себепкер болған. Нәтижесінде 15 жасар қыздың жүкті екені анықталған. Мәселені әрі қарай зерделей түскенде бұл оқиғада жәбір көрген қыз ғана емес, 2008 жылғы бауыры да зардап шеккен белгілі болды. Балалардың әкесі биыл қайтыс болған, анасының тәрбиесінде.

Ал өгей әкесі зорлап келген қыздың қиын жағдайы да сынып жетекшісінің арқасында белгілі болып отыр. Ол оқушысының бойындағы қобалжушылықты байқап, онымен қайта-қайта әңгімелесе жүріп, ақыр-соңы зорлыққа ұшырағанын өз аузынан естіген. Әдетте қыз балалар мұндайды айтпайды. Сынып жетекшісінің кәсібилігі өгей әкенің қылмыстық әрекетін айғақтап берді.

«Біздің облыста 573 қиын отбасы арнайы есепте тұрса, оларда жалпы саны 1362 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұған қоса 1408 жетім бала бар. Жетім жасөспірімдердің 434-і мемлекеттік ұйымдарда тәрбиеленсе, өзгесі асырап алған, патронаттық, қорғаншылыққа алған отбасыларда өмір кешуде. Мектеп әкімшілігі, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілері олардың үйлеріне жылына кемі 4 рет баруы керек деген талап бар», — деп сөзін жалғай түсті С. Айтқазина.

Өгей әке мен өгей шеше, қамқоршылар — тәуекел тобында

Ал бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова әрбір резонансты жағдай туралы құқық қорғау органдарының ресми хабарынан соң ғана айта алатынын айтады. Бұл — балалардың құқығын қорғау бойынша мүдделі бес министрліктің арасында жасалған арнайы бұйрықтың негізіндегі алгоритм. Сондықтан көп жағдайда балалар омбудсменінің жұмысы көрінбей қалатыны шын деп мойындайды ол.

Сәуле Шәкенова
Фото: Павлодар Өңірлік коммуникациялар қызметі

«Өгей әкесі немесе анасы, баланы асырап алған отбасылар, қамқоршылар арнайы тәуекел тобында тұрады. Анау Майқайыңдағы жағдай туралы айтатын болсам, өгей әкесінен озбырлық көрген оқушы қыздан бөлек, әлгі сыныпта тағы 3 отбасы сол тізімде тұрған. Сынып жетекшісі өз күмәнінің шындығына көз жеткізу үшін қыздың отбасына бірнеше барғанда өгей әкесі қызға әкенің емес, ер адамның көзімен қарайтынын көріп, түсінген. Біздің қоғамда жүздеген әйелдер күйеуінен зорлық-зомбылық көрсе де, бұл жайында тіс жармайды. Ол қыз да қорқынышпен өмір сүрген. Себебі өгей әкесі: „Бұл жайында біреуге айтар болсаң, анаң мен бауырыңды бауыздап өлтіремін“, деп қорқытып келген. Қазір бұл отбасы өзге жаққа көшіріліп, барлық медициналық және психологиялық көмектер көрсетілді. Ал әкесінің қылмыстық іс-әрекетіне құзырлы органдардың тергеу қорытындылары және сот әділ бағасын бере жатар», — деп түйіндеді сөзін С. Шәкенова.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қолданысқа енгелі облыста қиын отбасыларға көмек көрсету, зорлық-зомбылықтың алдын алу, балаларға қарсы қылмысты ерте анықтау, зорлық-зомбылық құрбандарына жәрдемдесіп, балаларды қорғауға алу мен бақылауды күшейту мақсатында мобильді топтар құрылған. Оларға құзырлы органдар мен өзге мүдделі мекемелердің өкілдері, депутаттар мен волонтерлер енген.

Павлодар облысының полиция департаменті ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторының пікірінше, балалар ата-анасына сенбейтін немесе анасы баласының айтқанына назар аудармайтын жағдайлар болады. Сондай уақытта «111 шұғыл қызмет орталығына» хабарласу қажет. 

Бибігүл Қамзина
Фото: Павлодар Өңірлік коммуникациялар қызметі

«Көп мәселе балаларға дұрыс тәрбие бермеуден, оларды бақылаусыз жіберуден туындайды. Мысал үшін биыл жыл басынан 400 ата-ана балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін, тағы 2500-нан астам ата-ана балаларын түнгі уақытта жүгенсіз қоя бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның үстіне өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін жергілікті соттар 216 жеке тұлғаға қатысты ата-аналық құқығын шектеу немесе ата-аналық құқығынан айыру жазаларын белгіледі. Аймағымызда ішімдікті тұрақты қолданатын 178 отбасы бақылауда тұр. Өткен жылы облыста балалар арасында суцид оқиғалары көбейіп, 18 жасөспірім өзіне қол салды. Ал биыл жыл басынан 16 жағдай тіркелді. Жағымсыз көрсеткіш аз да болса төмендеді. Президент қол қойған заңда өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгені мәлім. Бұл да қылмыстың азаюына түрткі болды деп есептеймін», — дейді маман.

Балалар үйлерінде 6 жағдай анықталды

Белгілі болғандай, Железин ауданында жетім қызбен төсек қатынасына түсіп, кейін өзін атып өлтірген отағасы зайыбы екеуі жетімдер үйінен бес бірдей баланы асырап алған. Ол балалар 2002-2009 жылдары туған. Алайда 2022 жылы қамқоршылары бізді тыңдамайды деген желеумен барлығын балалар үйіне қайта өткізіп тастапты. 16 жасар қыз биыл медициналық тексеруден өткенде әлгіндей келеңсіздік анықталып отыр.

Осы жағдайды ескерген облыстық прокуратура балалар үйлері мен мамандандырылған мекемелерде тәрбиеленіп жатқан, кәмелет жасына толмаған қыз балаларды дәрігерлік тексеруден өткізуге пәрмен берген. Мұндай медициналық тексерулер ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде, Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы арнайы бұйрығында көрсетілген.

«Прокуратура ұйғарған мұндай тексерулер нәтижесінде кәмелет жасына толмаған 6 тәрбиеленушінің бұған дейін жыныстық қарым-қатынасқа түскені анықталып отыр. Оның біреуі бойынша бүгінде ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы, 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Өзге жағдайлар бойынша деректер жиналу үстінде. Егер қылмыстық әрекеттерге жол берілгені расталса, полиция тарапынан процессуалдық шешімдер қабылданады», — деп түсіндірді прокуратурадан.

Мамандар кәмелет жасына толмаған қыз балаларға қарсы жыныстық қол сұғушылық деректері алдағы уақытта әлі де тіркелетіні сөзсіз дейді. Себебі қоғам, соның ішінде аналар мен жас қыз балалар өздерінің құқықтары әділ қорғалатынына көздері жете бастағаны байқалады.

Соңғы жаңалықтар