13:13, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Қорғаныс министрі әскери-дипломатиялық корпус өкілдерімен жиын өткізді
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде қорғаныс ведомствосының басшысы Даниал Ахметовтың қатысуымен Қазақстанда тіркелген әскери-дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған 2008 жылы бірлесе атқарған шараларды қорытындылау жөніндегі брифинг болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2007 жылы елімізде әскери доктрина қабылданған болатын. Бұл құжатты әзірлеуге біздің барлық әріптестеріміз атсалысты. Осы доктрина қабылданғаннан бастап, осы қорғаныс саласындағы белсенді шараларды атқарып келеміз. Сонымен бірге, өткен жылы еліміздің қорғаныс саласындағы басқару жүйесіне бірқатар өзгерістер енгіздік. Атап айтқанда, әуе қорғанысы күштері, әскери-теңіс күштері секілді әскери доктринада қамтылған өзгерістер біртіндеп жүзеге асуда. Сондай-ақ, Қазақстан үшін қорғаныс саласын үлгілендіру алдағы уақытта да маңызды шаруа болып қалады. Бұл бағытта да жұмыстар жемісті жүруде», - деді Д. Ахметов жиын барысында.
Сонымен бірге, Қорғаныс министрі 2008 жылы өткізілген әскери жаттығу-ойындарының саны салыстырмалы түрде артып отырғанына тоқтала келе, Қазақстанда халықаралық мәртебеге ие болған оқу-жаттығулардың да қатары өсіп отырғанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы шет мемлекеттер әскери жасақтарының қатысуымен «Өзара іс-қимыл», «Орталық», «Дала қыраны», «Алдаспан», «Қалқан» секілді іргелі әскери жаттығулар өткізілген.
Жиынға 20-дан астам әскери-дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Сондай-ақ, брифинг барысында ҰҚШҰ, ШЫҰ, НАТО секілді құрылымдармен бірлесе атқарылған шараларға қатысты халықаралық әскери байланыстарды қамтыған мәселелер де сөз болды.